Павлодар облысында тұратын қос азаматтығы бар әйел елден шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шарбақты ауданының полицейлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау фактісін анықтады.
«Қазақстан Республикасының азаматы, 57 жастағы әйел Ресей Федерациясының азаматтығын алған, бірақ қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзімде шетелдік азаматтығын алғаны туралы хабарламаған. Шетел азаматшасына қатысты ҚР ӘҚБтК 496-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, сотта қаралды. Сот қаулысымен әйелді елден шығару туралы шешім қабылданды», - деді Павлодар облысы Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрғали Омарбеков.
Полиция мәліметінше, биыл осындай заң бұзушылықтар үшін 158 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.