Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері дәріханалық нашақорлықтың жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жастарды нашақорлыққа тартатын дәріханалардың көбеюіне байланысты елордалық Полиция департаменті рейдтік іс-шараларды тұрақты негізде өткізіп тұрады. Осыған қарамастан, жосықсыз фармацевттер өз пайдасы үшін есірткіге тәуелді адамдар мен жасөспірімдерге қатты әсер ететін медициналық препараттарды рецептсіз сатуды жалғастыруда. Мәселен, елордалық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жангелдин және Сығанақ көшелерінің бойындағы дәріханаларда жедел алдын алу іс-шараларын жүргізген кезде ЖК-ның біріне тиесілі «дәрілік препаратты дәрігердің рецептісіз босату» фактілері қайта құжатталған.
«ЖК иесіне қатысты ӘҚБтК 426-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот қаулысымен дәріханалардың қызметін 6 ай мерзімге тоқтата тұру түріндегі жаза тағайындалды. Осыған ұқсас факті Молдағұлова көшесіндегі дәріханада анықталды, онда сот шешімі бойынша 199 095 теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалды», - деп жазды ведомстводан.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментімен бірлесіп ӘҚБтК-нің 426-бабы (Фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша 7 фактіні анықтады.
Егер сізге есірткі және психобелсенді заттарды сақтау, өткізу, дәрілік препараттарды дәрігердің, сондай-ақ оларға қатысы бар адамдардың рецептісіз жіберу фактілері белгілі болса, сіз Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының анонимді сенім телефондарына күндізгі уақытта 71 63 93, тәулік бойы 32 22 22 немесе «102» арнасына хабарлай аласыз.