Атырауда облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін, 11 тамызда Атырауда облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке және «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты сот процесі басталды.
Сот Атыраудағы №2 қалалық сотта өтіп жатыр.
Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевтың ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен тергелген. Ал, «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов ҚР Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігімен тергеуге алынған.
Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнатуға бөлінген қаражаттан пара алды деген күдікпен ұсталды. Ол былтырғы желтоқсан айында ұсталып, тергеу изоляторына қамауға алынды.
Бақытгүл Хаменова 2020 жылдың наурыз айында Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді. Ол бұл тағайындауға дейін алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты болған.