Сырт көз, сырын білмейтін ел кімнің ішінде қандай ит өліп жатқанын қайдан білсін? Кейде ет пен сүйектен жаралған пенденің жайын күйттеу дейміз-ау. Ол түгіл басқарудың жоғары дәрежедегі ұйымдасқан жүйесі мемлекет те солай, басынан түрлі жағдаяттар тізбегі өтіп жататын, қан тамыры бүлк-бүлік соғып тұрған тірі ағза тәрізді. Біздің қазақ «Адасқанның алды – жөн, соңы – соқпақ» дегенді неге айтқан десем, «адасу» да, айыбы болмау үшін «қайтып үйірін табу» да, тек тіріге ғана тән қасиет екен ғой. Оның да біреу біліп, біреу білмейтін сан түрлі сыры бар. Шынын айтқанда, біздің қоғам «Сыпайы сырын білдірмес, ақырын ғана бүлк етер» ескі тәмсілмен тек ілбіп басып, әрең жүріп келе жатыр екен. Қаңтар уақиғасы бізге осының шындығын ашып көрсетті.
Шайырдың тілімен айтсақ: «Таусылмайтын құрғақ сөзге шырмалып, / Жүрісіміз жеткен жоқ па ырғалып?!» Бұрыннан да есеңгіреп келе жатқан ел қаңтар қазабатынан кейін біржола есінен танып түсті. Енді, міне, елдің ес жиюына барын салып отырған қауіпсіздік пен мемлекет тұтастығының кепілі болып табылатын қауіпсіздік пен мемлекет тұтастығының кепілі болып табылатын ең жоғары лауазым иесінің де сөзін місе тұтпай, қай әрекетін де орынды-орынсыз күстаналай бастадық. Қазақстан Республикасының Ата Заңында көрсетілгендей, Президент - мемлекеттің біртұтастығы мен азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі. Кешегі қаңтар уақиғасында Қасым-Жомарт Тоқаев көшбасшы ретінде шұғыл шешім қабылдады.
Баяғының есті қазағы «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар?» деген жоқ па? Осы уақытқа дейін қарапайым халықты көзінің алмасына тамсантып келген жүйе бірыңғай ұлт қамын ойлаған болса, қазақ бейбіт шеруге шығып, артынан арандап қалып, айдың-күннің аманында орасан шығынға ұшырамас еді ғой. Қалай десек те, ендігі жерде жүйеге сапалы өзгеріс керек. Онсыз саяси, әлеуметтік, рухани ахуал өзара шарбы бұлттай кіріге алмайды. Ел де үнемі өткен күн елесінде жүре алмасы хақ. Қанша ауыр болса да ес жиып, алға қарамаса болмайды. Өйткені, мырза демесеңіз, уақыт емші емес. Қарапайым өмір заңы осы.
Отыз жыл мүлгіп, ұйқысынан оқыс оянып кеткен «жанның» күйін елестету қиын. Жұрт өң мен түс арасындағы буалдыр бұлтқа мініп жүріп, бір белгісіз әрі-сәрі күй кешкен тәрізді. Сана түкпірінде осыған ұқсас түсініксіз бірдеңелер жылт-жылт етеді. Иә, темір қанатының бір шетімен көк тірегін, енді бір ұшымен жер таянған алып империя құшағынан сытылып шығып, рухани һәм саяси құлдықтың құрсауынан «азаттық алдық» деп жүрген алғашқы жылдары қазақ жаппай үлбіреген үміт жетегіне ерді. Ұлт рухының өлмеуіне себепші болатын нәрсе осы ғой. Аттың белі, атанның қомында жүргенде-ақ ұлы өркениеттер көшіне ілескен көшпелі тірлігін қала мәдениетінің ырқына жеңдіріп, терлікпен тұтасып кеткен тақымын жазып, орыстың ықпалымен аттан түсіп, алпыс тұтам ақ найза мен қара болат қайқы қылышты кереге басына ілген қазақты кеңес одағының 70 жыл ұстаған алақанының табы арқылы сіңген уыттан арылту үшін уақыт керек болды. Қазақтың бұл тарихы Мысырға құл болып жүрген еврейлерді құтқарушы көсемнің 40 жыл құмда сандалған уақиғасын еске түсіреді. Алайда, екеуінің арасында үлкен керте бар.
Алғашқы кезеңде мұз астындағы көктемдегі қызыл судай, көз алдынан жылыстап жатқан салт, дәстүр, өнер, білім, ғылым, тіл мен діл жайында көп айтыла қойған жоқ. Мәселе тәуелсіздік тарихы он жылдықтың келесі белесіне иек артқан кезден басталды. Өкінішке қарай, ол кезде бәрі кеш еді. Алып «механизм» тетіктері іске қосылып, қарқын алып кеткен бойда кесіртке айдаһар жыланға айналып, қонжық мақат болып ақыра бастаған. Әлемнің барлық түкпіріне «Мен мұндалап!» айқара ашылған есіктен де, саңылау тесіктен де анталап, ағылып жаттекі мәдениеттің қанатына ілесіп кірген сан түрлі мәдени ұстындар дала көңіл аңғал жұрттың ақылын арбап, тұрмысын билеп, санасын улай бастағаны күні кешегідей көз алдында. Тап осы тұстағы қорқынышты сурет аңыздағы тойымсыз патша Зұлхақтың кеудесін жайлап, ырқын алып, күніне пәленбай адамның миынан қорек таппаса қос иіннен басын шығарып тұрып алатын, қанша жесе де тәбеті қайтпайтын жыланға ұқсас уақиға тізбегін өз алдына сөз етпесе, бұл уәзипаның арасына симайды.
Рас, бұл кезеңде мемлекет байтал түгіл бас қайғы күйде еді. Ең бастысы, қарапайым халық осының бәріне көз жұмып, қарап отыра алған жоқ. Алайда, көптің дауысы көктегі Құдайға жетсе де, Ақ Ордаға жетпеген соң амал қанша? Тойынып, етке шығып қышынған аз ғана топ өзінің ұлттық құндылықтарын ұлтарақ құрлы көрмеуге айналды. Олар ұлттық мұрат, елдік мүддені мүлдем басқа құндылықтармен ауыстырып алды. Іздегенін тапқан күннен бастап жемсауын нығыздаумен ғана айналысты. Ал қара халықтың ащы зары мен жанайғайы айтылған жерде қалып отырды. Қанды қаңтарға дейінгі үшінші онжылдықта қазақ қоғамы басынан кешіп жатқан мәселелер халық тарапынан жиі айтыла бастады. Өкінішке қарай, ол кезде халық пен биліктің арасы тым алшақтап кеткен. Көз алдында өсіп шыққан кішкентай тұқылдың қарқарасы қауға айналып үлгергенін көрсек те көрмейтін жағдайға душар болғанымыз өкінішті, әрине.
Иә, қаңтар уақиғасы аяқ асты бұрқ ете қалған бұрқақты жағдай емес. Болмашыға көз алдап, өзін алдарқата жүріп үздіксіз үміт күткен 30 жылды ішінара үшке бөліп алып «бастау», «даму», «ушығу» динамикасын толық бастан кешкен заңды үдеріс. Өкінішті болса да бұл біз жүріп өткен жол, қазақ амалмыз бастан кешірген шұбарала тарих. Енді оны қаласақ та, қарамасақ та, көштің ізін толайым сүріп тастау мүмкін емес. Әрине, төреші уақыт бәрін де өз елегінен өткізіп, еншілі тарихқа айналдыратыны ақиқат. Көп нәрсенің байыбына сол кезде бойлап баруымыз мүмкін. Ал уақыт деген құдіретті бір орында ұстап тұра алмайсың. Дүние диірмен бір сәтке де тоқтауды білмепті. Дер кезінде есін жиып үлгермеген ұлттар қолдағы тізгін ұшынан айрылып қалғаны жайында тарихтың ащы сабағынан тәлім керек. Онсыз барар жер, басар тау, тірелер тұйығың белгілі. Осындайда «өгізді» де өлтірмей, «арбаны» да сындырмай өте шығатын даңғыл жол табу – оңай шаруа емес. Мүмкін біздің қазақ белгілі бір уақытқа «тайм-аут» алып, тағдырын сеніп тапсырған басшыға түбегейлі өзгеріс жасау үшін мүмкіндік беру керек шығар? Онсыз ұлт ұстазы Ақаңның белгілі орыс публицисі Крыловтан тәржімелеген жырына арқау болған аққу, шортан һәм шаянның керін келтіруіміз бек мүмкін ғой. Қазір жұрттың бәрі, білетіні де, білмейтіні болса да, саясиланып алған. Иә, халық ашқұрсақ болған жерде мұның ешқандай емі жоқ. Сол үшін ең бастысы: қарапайым қарашының әлеуметтік жағдайы шешілуі тиіс. Онсыз, қарсақтабан қалыптан алға жылжуымыз екіталай. Шынын айтқанда, тап қазір соның қай-қайсысына да бізде уақыт бар деп айту қиын. Сонда не істемек керек?
Қаңтар уақиғасын АҚШ-тың Таяу және Орта Шығыстағы ұлт-азаттық қозғалысын басып-жаншуға бағытталған Дуайт Дэвид Эйзенхауер доктринасымен беттестіруге ыңғай танытып тұратындар қатары бар екені байқалады. Иә, бұл бір қырынан қарап, көз жүгіртіп өткенде санаға сәулесін шашыратып үлгеретін сыртқы, алдамшы әсерлер жиынтығына келіңкірейді. Шын мәнінде, біздің жағдай американдықтар тап болған ахуалмен салыстырғанда, мүлдем басқа. Жалпы, қаңтар уақиғасы болашақта түрлі мамандар қайта айналып соғып тарихи, саяси түйіндер жасайтын күрделі мәселе. Тарих қатпары терең жасырған, бұл күнде ұмытылғандай әсер қалдырғанымен үнемі көрініп қалып отыратын түрлі оқиғаларды айтпағанда, қазіргі қазақтың этник тамырының өзегінде жатқан түйткілдер бізге билікте, қарапайым өмірде болса да, ментальдік ерекшеліктерді толайым қайта қарамайынша, мәселе түбегейлі шешілмейтінін көрсетіп қана қоймай, дәлелдеп отыр.
Жасыратына жоқ, осы уақытқа дейін билік басында болған диктатордың ырқы мен ыңғайына қарай, бір ғана ру аясына топтасқан белгілі бір өңірден шыққан кландық топ билікке келіп, түрлі қызмет тұтқасын трайбалистер ұстап, байырғының тасасында қалған касталық бөлініс жүйесін жаңғыртуға жол берілді. Соның салдарынан қай жағынан болсын (білім, парасат, тәжірибе) кемел азаматтар мемлекет мүддесі, халық игілігі үшін адал қызмет жасау мүмкіндігінен шетқақпай етілді. Кейінгі жылдары елдегі ахуалдың тым шектен шыққанын сезгендіктен түрлі деңгейдегі мамандар амалсыз шетел асып кетуге мәжбүр болды. Осы уақытқа дейін шеру тартып келген мақтау мен мадаққа желбуаз жүйеге негізделген билікке сенім болса, елдегі ішкі миграция жайын айтпағанда, күрделі эмиграциялық ахуал дәл бүгінгідей қауіпті шекте болмас еді. Жер ауып, шекара асып кеткен мамандарға реэмиграция жасайтындай жайлы жағдай тудырмай, біз жылдар бойы шеккен шығынның орнын жуық арада толтыру қиын. Қазақстанның бар байлығы халыққа, мемлекеттің басты құндылығы – әр азамат ұлтқа қызмет жасағанда ғана «Жаңа Қазақстан» жасау мүмкіндігі жайында сөз қозғауға болады. Онсыз әрекет атаулы адасып жүріп түзге қонған адамның тірлігіндей бола бермек.
Қазіргі қазақ қоғамы маңдай тіреген мәселелер жиыны жағдайында XVIII–XIX ғасырларда дамыған идеялық ағым – ағартушылық бағытты қайта жаңғыртып, ел игілігіне пайдаланудың маңызы ерекше. Есім-сойы тарихтан белгілі аталмыш ағым өкілдері қай кезде де адам баласы үшін ауа мен судай қажет ізгілік, әділет, ғылым, білім, өнер, таным жолдарын уағыздау арқылы қоғамды түзетуге күш салды. Бір ғажабы, олардың бұл игі әрекеттері қай кезде де қарапайым халық тарапынан қолдауға ие болып, ел ізгі бағыт ұстану үшін тиімді тәсіл екенін қашан да дәлелдеп отырды. Өкінішке қарай, қоғамдық формациялар өзгерген сайын халық пен билік арасында дәнекерлікке жүре алатын осы ағымды жойып жіберіп отыруға тырысқан. Оның себебін алыстан іздеп қажеті жоқ сияқты. Бұл екі айырықтың арасындағы тұтастық сақталған қоғамда мемлекет іргетасы берік. Әрине, бұл тобырлық сана ықпалын жамылғы ететін саяси жүйедегі әсіре демократтар үшін онша оңтайлы тәсіл болмауы мүмкін. Ал саясат ағымы ағартушылық идеялар негізінде түзілгенде қоғамда сауатты идеология қалыптастыру мүмкін екені өзін сан рет дәлелдеді. Өйткені, бойын анархиядан аулақ салып, ізгілік рухындағы тәрбиеден тәлім алып, бағыт түзеген қоғам мүшелері өзі жасаған әділет қағидаларынан айнып, өз бағытына қарсы тұра алмайды. Билік пен халық арасында ашық байланыс орнау үшін осы тәсілді қайтарып, қайта жаңғыртудың маңызы орасан.
Экономикалық тұрғыдан бізге сырттан кіретін импорт атаулының зияны жоқ, керісінше, шикізат эскпортының жолын кесуге тиіспіз. Әлеумет тұтынатын қай тауардың да бағасын мейілінше арзандатып, ішкі базар нарқын тұрақтандыру арқылы елдің ахуалы түзелетіні айтпаса да түсінікті. Керісінше, адамның қолымен атқарылатын еңбек нарқын қымбаттатумен бірге бағалау керек. Сол адам-асылды қоғамға сай тәрбиелеп, оның күн райынан да тез бұзылғыш толқымалы көңіл-күй бұрауын бір қалыпты ұстап тұратын камертон – руханият әлемі заңдылығы аталмыш өлшемнің алғашқы тармағына мүлдем кереғар. Бұл тұрғыда, сол сырттан кіретін «импорт» бар бәленің басы болып табылады. Біз осы уақытқа дейін, әсіресе руханият әлемінде тек қана сырттан келген «импорт» түрлерін малданып келдік. Соның салдарынан Қазақстан түрлі секталар мен діни ұйымдардың жылы ұясына айналды.
Шынын айту керек, өкінішке қорай біз ұлт санасы жайында тым сирек ойланатын дәрежеге жеттік. Негізі, мемлекет бас қатыруы тиіс басты әрі түйткілді мәселенің бірі – осы. Біздің қойын-қонышымыз қазақ салт-дәстүрінен басқа жұрттың жасығымен барынша толып болған. Неге екені қайдам, қазақ өзінің түпнегіз табиғатына тән қасиет атаулыдан басқаның бәрін талғамай қабылдай беруге теріс емес екен. Отыз жылда орнына келмей қойған шұбара-ала тіл тағдырының өзі неге тұрады? Негізі мәселенің бірі осы жерде жатыр. Біздің қазақ өзінің атакәсібінен айрылу, тіпті кейбір жағдайда бас тарту арқылы ана тілінің айдай жүзіне қара дақ түсіріп алғанын мойындағысы келмейді. Сөйтіп, тіл тағдырына қатысты айыптыны өзгеден іздеуге теріс емес. Рас, оған сырқы факторлардың да әсері орасан. Десе де, тілге қатысты термин, атау сөз, бейнелі теңеу мен қазақы оралымның бәрі аңшылық, егіншілік, малшылық кәсіпте жатқанын кімнен жасырғымыз келеді? Сонда оған кінәлі кім? Мәселе ешуақытты бір жақты туындамайды және дау 40 жылда бітсе де «қыршын кеттім» дейтіні рас екен.
Одан әрісі «айтсам апам да кетедінің» кері. Сондықтан да қазіргі жоғары, орта оқу орындарын айтпағанда, мектеп пен балабақша қабырғасынан бастап қазақ салт-дәстүрі мен ұлттық өнер түрлері арнайы пән ретінде оқытылып, дін дәстүрлі ұғымдарға негізделіп үйретілуі тиіс. Оны айтасыз, түрлі жеміссіз айтыс-тартыстарға ұласып жататын қазақ этногенезіне қатысты, оның бір ата мен ортақ бұтақтан тарамағаны, түрлі тайпалық одақтың негізінде құралған суперэтнос екеніне байланысты шындықты да балаға бесіктен белі шықпай тұрып ұғындыру керек. Ендігі жерде өтірікке орын аз. Сонда ғана қоғамды кезген түрлі эллюзия салдарынан арылтуға болады. Қалай десек те, қазақтың өзінен басқа жауы да, досы да жоқ! Абай данышпан жеткен, жетіп қана қоймай жіті сезінген ақиқат әлі күнге сол өзекті қалпында тұр. Ендігі жерде қазақ руханиятына қатысты өзге елдің тәжірибесін үлгі етіп, өмірі орындалмайтын старатегиялық даму бағдарламаларын қабылдай бергеннен іс бітеді дегенге енді ешкімді сендіре алмаймыз. Халық ғасырлар бойы шеккен бейнетінің зейнетін бүгін көргісі келеді!
Иә, бұл тек руханият әлеміндегі «импортқа» қатысты мәселе. Әдебиет пен өнерде де жағдай тура осыған ұқсас. Түрлі көркем шығарма, тиым салынған әдебиеттер арқылы жылдар бойы тіршілігімізге еніп, сана түкпірінен тұрақ теуіп алған «тылсым түсініктер» ұлттың жадау жанына тас кенедей қадалып алып, қанын теспей сорғанын көріп, қол қусырып отыра беру мүмкін бе? Жастар арасындағы түрлі жыныстық ауытқу, ұлтқа тән емес «өзім білемін» түсінік, «үлкеннің сақалынан алып, арбаға байлап сабау», өзіне-өзі қол жұмсау, жастың да, жасамыстың да психотроптық заттарға жаппай әуестігі, міне, осының бәрі бір-ақ күнде аспаннан түсе салған аяқасты нәрсе ма? Жоқ, бұл мемлекетте сауатты идеология болмаған жерде бос кеңістікті жаулап алып, өз ойындағысын іске асыра қоятын ежелгі, әбден таптаурын болған тәсіл. Бүгінгі қазақ қоғамы осы аталған мәселенің бірімен емес, бәрімен бетпе-бет келіп тұр. Өнердегі, соның ішінде дәстүрлі ән, күй, жыр мен ұлттық фольклортанудағы шаш етектен мәселенің жайы да осындай.
Шарль де Голль идеясына негізделген, өзін жер бетіндегі державалардан азат, ішкі саясатта еркін сезінгісі келетін «Голлизм» деп аталатын идеология бар. Мұның өзі түптің түбінде ұлтты консервацияға алып келетінін уақыт төрешінің өзі дәлелдеп шықты. Осы бағытты қолдайтындар бар. Шіркін, Ресей, Қытай, Америка, Түркия сияқты алыптардың ортасында тұрып, қай жағынан болсын, азат мемлекет болғанға не жетсін? Бірақ оның тек қой үстіне бозторғай ұя салатын ертегілер әлемінде ғана болуы мүмкін екенін мүлдем сезінгісі келмейтіндер сіз бен біздің арамызда өте көп екені өкінішті. Өмір шындығы мен әдебиеттегі көркем шындықтың ара-жігін ажырата алмайтын типтер үшін мұны бір сөзбен түсіндіру қиын, әрине. Десе де, шындықтың бетіне тура қарамай іс бітпейтіні белгілі болып тұр.
Әр дәуірдің, әр халықтың өз фәлсафасы болады. ХVIII ғасырда рухани мәдениеттің ошағына айналған Франция өзін өркениетті санап келген мемлекеттерді француз мәдениеті алдында тізе бүгуге мәжбүр етті. Өйткені, қоғамдағы түрлі қарама-қайшылықтар быттасып кеткен тұста ағартушылық идеология француз революциясының да, реформаторлық қозғалыстардың да теориялық алғышартына айналды. Әрине, ағартушылық идея эволюциясы қай кезде де біртекті болған емес. Ол кезде де бірі англиялық монархиялық құрылысты, екіншісі еуропаға табынушылық идеясын қолдады. Біздің бүгінгі жағдайымыз дәл осыған ұқсас. Өйткені, қазақ әлемдегі дамыған елдердің қай-қайсына болсын тәу етіп, ұқсап бағудан кет әрі емес. Алайда, ұлттық философиясына сүйене отырып, мемлекеттегі руханият үлгісінің өзіндік моделін жасап шыққысы келетіндер тым сирек. Көшірме қалып ұлт өзегінде жатқан асылды айдынның бетіне толық алып шыға алмайды. Сондықтан да, мемлекет қолға алатын қай жоба болсын ұлттық болмыс пен ұлт мінезіне негізделгенге не жетсін?!
Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы