ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қазақстандық мемлекеттік қызметкерлер неліктен бәсекеге қабілетті жалақы алу керектігін түсіндірді.
– Біліктілігі төмен мемлекеттік қызметкерді кездестіргенде, біліңіз: оның орнында отыруы керек сауатты маман қазір банкте жұмыс істеп жүр немесе кез келген басқа коммерциялық компанияда қызмет атқарады. Мемлекеттік қызмет бәсекеге қабілетсіз жұмыс берушіге айналды. Көптеген қызметкерлер кез келген салада, тіпті «ЯндексТакси» арқылы көп табыс таба алады, – деді Абаев Open Dialogue 2.0 бағдарламасында.
Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстанда өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көтерілген болатын.
– Біліктілік мәселесі елді мекендерде күрделі болатын. Бұрын қалай болды? Әкімдік сарапшы қызметіне конкурс жариялап, бір адам ғана өтініш береді, себебі жалақысы өте төмен. Оның деңгейі, әрине, тексерілмейді, келіп жұмыс істей алса болды, – деп жалғастырды Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары.