Тілшілік тіршілікке қадам басқанымызға биыл үшінші жыл. Жергілікті телеарнадан жинаған тәжірбиемізбен тұп-тура «Алматы» телеарнасын бетке алып барғанмын. Алғашқы күннен ақ азан-қазан болған ақпараттың қайнаған ортасына түстім. Тәжірбиеде жүргеніммен түсірілімге барудан бас тартпайтынмын. 5-қарашада телеарна тілшісімен бірлесіп Ащыбұлақ ауылдық округына қарасты «Береке» саяжайының тұрғындарының уәжін көзіммен көріп, құлағыммен тыңдап қайтқан болатынмын.
Мәселенің мазмұны қандай?
«Екі күн болды газ өшіп тұр. Бір бөлмеде балаларым жылытқышпен отыр. Төртеуі де жөтеліп отыр. Укол алып отырмыз. Үйдің іші дәріхана болып кетті, дәріден дәрі ішіп жатырмыз. Тамақ жасасам, жылытқышты өшіру керек, жылытқышты қоссаң тамақ жасай алмайсың. Ол жылда осы!», - Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тоғжан Шәкен Осылай десе:
«Бізде су жоқ. Жарық мәселесі де бар. Себебі бәленбай үйге бір-ақ трансформатр қойылған. 1 кВТ үшін 29 теңге төлейсіз! Сұмдық! Интернет те жоқ. Жарық жоқ болса, газ жоқ. Жарық болмаса, су жоқ! Сондай мәселелер бар. Автобус туралы аузымызды аша ашпайсыз», – деп Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тұрсынгүл Әбдрахманова тіл қатты. https://almaty.tv/kz/news/obschestvo/1946-bez-vody-i-tepla-ostalis-dgiteli-dachnykh-massivov-pod-almaty
Инфрақұрылымы құрдымға кеткен саяжай тұрғындарын жайсыз тұрмыс қатты қажытқан. Бұндағы мәселеден бас алып жүру мүмкін емес. Күнделікті тұрмысқа қажетті жарық пен жылудың жағдайы нашар. Әкімдіктегілер әдетінше саяжайдың ішкі жұмыстарына араласуға құқығымыз жоқ деп ат тонын ала қашты.
Арада екі апталық уақыт өткенде саяжай тұрғындарымен қайта хабарластым. Жағдай сол қалпы, өзгеріссіз. Ауыл тұрғындарының уәжін уатсап желісіндегі группа арқылы көріп біліп отырмын. Сыздықтап аққан суға телмірген ана, жылына алмай жылу іздеген бала тұрмыстық тауқіметтен зардап шеккен жандар жетерлік.
Берекесі қашқан тек «Береке» ғана емес. Еліміздегі саяжай мәселесі қанша жыл өтсе де өз шешімін таппаған. Жомарт, Весна сынды «дача» деген дақпырттан құтыла алмаған халықтың қоныс тепкен мекені бұл. Барлығының «Ауыл» статусын алсақ деген орындалмайтын арманы бар. Қаланың шетінде тұрсада қала әкімдігі жауап бере алмайтын, жергілікті өкілдік салықтан басқа ештеңе салмайтын адамдар шоғыры бұл. Бұл сөзіме сенбесеңіз сілтемесі міне.
https://kaz.orda.kz/zhomart-sajazhajyny-t-r-yndary-narazyly-a-shy-ty/
https://7-su.kz/news/cat-11/12052/
Жергілікті әкімдіктің әлі келмейтін әрекет екенін ұққаннан кейін заңға көз жүгіртіп, заңгермен тілдестік. Алдымен Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы заңымен таныстық. Онда: «Аудан халқының жалпы саны 300 мың адамнан аспайтын аудандық маңызы бар қалалардан, ауылдардан, кенттерден, ауылдық округтерден тұрады. Ауылдық округ халқының жалпы саны кемінде 500 адам болатын екі және одан көп ауылдық елді мекендерден тұрады. Халқының саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгiзiледi » - делінген. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек әр саяжайда кемі 2000-ға жуық тұрғын бар. Мінбедегілер міз бақпастан: Тұрғындардың өздері заңсыз тұрып жатыр. Халықтың көп бөлігі тұрғылықты жерін заңдастырмаған, - деп сүттен ақ судан таза болып шыға келеді. Жоғарыдағылар халық санағын жүргізгенде креслодан көтендерін көтеріп қарауы тиіс еді. 2000 халық қоныстанған жерде, кем дегенде 50 адам тіркелмеді дегеніміз суда балық жоқ дегенмен пара-пар.
АЗАМАТ НИГМЕТОВИЧ
ЗАҢГЕР
Жер кодексінің 23-бабында жеке тұрғын үймен қатар саяжай құрылысы да көрсетілген. Егер мен саяжайда тұрсам саяжайдың қандай жағдайда тұрғын үйге айналатынын ажырату керек. Заңда жеке тұрғын үй құжатын жасауға болатыны туралы жазылған, алайда ол қаланың белгілі бір иерархиялық нүктесіне енгізілуі тиіс. Сол себепті бұндай сұрақтар өз шешімін таппай жатады. Мұндай жағдай шенуніктер үшін өте ыңғайлы. Егер олар саяжай учаскесін тұрғы үй массиві деп таныса оларға «жеке тұрғын үй құрылысы» мәртебесі беріледі. Біздің мемлекетте ондай мәртебе қарастырылған. Алайда мұндай жағдайда мемлекет тұрғындардың жағдайын жасап, оларға газ тартуға, жарық пен жылумен қамтамасыз етуге міндетті. Алайда бұл үлкен бюджеттік шығындарға әкеледі. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Ал құқықтық мемлекет барлығын халық үшін жасауы тиіс.
Бұл мәселені биліктің тек 5-10% шеше алады. Яғни, заңнамалық деңгейден саяжай ұғымын алып тастауымыз керек. Себебі ірі қалаларда саяжайлар іс жүзінде тұрғын үй массивтері болып табылады. Тиісінше оларды тұрғын үй қорына енгізу қажет. Оларды сол аймақтағы аумақтармен біріктіріп немесе белгілі бір елді мекеннің бөлігіне айналдырған жағдайда біз мәселені шеше аламыз.
Жиырма миллион халықтың жағдайын жасап бере алмай, дамушы мемлекеттің қатарына қосылдық деп жария салудың бес тиындық құны жоқ. Жиырма бірінші ғасырда жарық пен жылудан жапа шеккен тұрғындардың жоғарыдағылардан үміті жоқ емес. Әр айтқан сөзімізді мысалмен мадиықтап, заң жүзінде мәселенің шешімін ұсынуға тырыстық. Көкейімізде көлкіп тұрған көп мәселеден құтылмасақ, мемлекеттің де құты қашары хақ.
Автор: Зинешов Жақсылық