Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың акционда 31 миллион теңгеге сатылған портретінің саудасын толық тексеріп шықты.
«Сотқа дейінгі қылмыстық іс қозғаудың қисыны жоқ», - деп қысқа қайырды агенттіктегі жауаптылар.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі аталмыш аукционда «құнды» экспонатты жеңіп алған адамды анықтады. Ол – мәслихат депутаты, «АЗА» ЖШС директоры Акопян.
«ҚР «Қайырымдылық туралы» заңына сәйкес, қайырымдылық шаралары – бұл қоғамға пайдалы әрекет. Адамдардың өз еркімен жағдайы нашар немесе денсаулығы төмен адамдарға, арнайы топтарға түрлі жолдармен көмек қолын созуы. Бұл шара да заң аясында, салықтық міндеттемелерге сәйкес өткен. Тексеру барысында құжаттардың барлығы тура екені анықталды. Қылмыстық іс қозғауға түрткі болатын шикілік жоқ», - деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі.
Сондай-ақ, агенттік қызметкерлері мәслихат депутаттарына заң бойынша бизнеспен айналысуға тыйым салынбайтынын алға тартты.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айында желіде Павлодар облысы әкімінің портреті қайырымдылық аукционында 31 миллионға сатылғаны туралы ақпарат тарап, шу болды. Оны Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Гнел Акопян сатып алған. Акопянның облыстағы жолдарды жөндеумен айналысатын компанияның егесі екені анықталды. Айтуына қарасақ, ол портретті Павлодардағы жаңа мұражайға сыйға тартпақ екен.
Әкім қайырымдылық аукционынан 52,2 миллион теңге қаражат жинап, бар ақшаны «Қазақстан зағиптер қауымдастығы» қоғамдық қорының есепшотына аударған.