Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нутышева өткен аптаның соңында Арон Атабектің жағдайы нашарлағанын айтты. Кейін жедел жәрдем шақыртылып, жеке клиникаға жатқызылған. Бұл туралы Азаттық хабарлады.
– Қазір жағдайы онша емес. Тамақ іше алмайды. Ауруы асқынып жатыр. Әлгінде ауруханадан шыққаннан кейін он күндей үйде емдедік қой. Ол кісі ауруханаға жатудан бас тартқан. Үйде емделгеннен кейін жағдайы тіпті нашарлап кетті. Ол әдетте ештеңеге шағымданбайтын. Өткен жұмада тынысы тарылып жатқанын айтты. Қорқып кеттім. Түрі де онша емес болып тұрды. «Жеке клиникамен келісім жасастым, ауруханаға жатасың ба?» деп едім. Ауруы жанына батса керек, «иә» деді. Сүйтіп, жедел жәрдем көлігін шақырдым. Ауруханаға жатқызды, – деді Рәзия Нутышева.
Сондай-ақ, Арон Атабектің қазір жасанды тыныс аппаратымен дем алып жатқаны айтылды.