Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 18 желтоқсан - Халықаралық мигранттар күні аясында Грегуар Госсеттің «Бір жақты билет» атты Жаһандық Көші-қон кинофестивалі өтті.
Бұл кино фестиваль Халықаралық Миграция ұйымы (БҰҰ) тарапынан БҰҰ жаһандық Коммуникация Департаментінің қолдауымен 28 қараша мен 18 желтоқсан аралығында ұйымдастырылып келеді. Міне, төрт жылдан бері Жаһандық көші-қон кинофестивалі бүкіл әлемде үлкен жетістікпен өтуде, бүгінде Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып, кинокөрсетілім әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында өтті. Кинофестивальдің маңыздылығының айырықша бір себебі – әлемдік деңгейде қазіргі тұрғындардың тұрмыстық түйткілдері мен талап-тілектерін көз алдыңа жайып салады.
Мигранттардың жайсыз жағдайы мен тұрақсыз ахуалы бұған бей-жай қарай алмайтын барлық көрермендерге жаһандық деңгейде не болып жатқанын түйсінуге мүмкіндік береді. Фильмнің басты кейіпкерлерінің өзара әңгімелері арқылы біз адамдардың жаһандық көші-қонының нақты себебін және оған қатысты қиындықтарды түсіне бастадық.
Аталған шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бірінші проректоры құттықтау сөзбен ашты. Аталмыш шараға Халықаралық Миграция ұйымының Орталық Азиядағы Миссия жетекшісі Зейнал Гаджиев, Алматы қаласындағы Халықаралық Миграция ұйымы орталығының басшысы Виктория Касабян, Болгария Республикасының Қазақстандағы елшісі Миладин Миладинов және Германия мемлекетінің Алматы қаласындағы жаңа елшісі Кристиана Маркерт қатысты.
Шараға қатысқан студенттер мен магистранттар шара ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдірді, жиналғандардың әрқайсысы фильмнен алған әсерлерімен бөлісті. Олардың әрқайсысы сюжеттік желінің тереңдігін, экранда болып жатқан оқиғалардың шынайылығын атап өтті.
Мұның барлығы кинокөрсетілімнің басты ұйымдастырушылары - Алматыдағы БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаменті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ынтымақтастығы арқасында жүзеге асты.