Дана халқымыз «Үйі жоқтың күйі жоқ » деп бекер айтпаса керек. Алматының бұрыш бұрышынан үй жалдаған, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы, жалғыз басты, мүмкіндігі шектеулі бала асыраған баспанаға зәру қаншама университет оқытушыларының жүргені мәлім. Солардың қатарына тағдыр талқысының арқасында үйсіз қалған мен де іліктім…Өзін бақытты сезініп, алаңсыз өмір сүруі үшін алдымен әр адамның тұрақты жұмысы, мекенжайы болуы тиіс. Ол, әрине, өз үйің, кең сарайдай боз үйің. Онда ішкен қара шайың да сіңімді, бір тілім нанның да дәмі ерекше болатыны рас. Бірінен соң бірі салынып жатқан жаңа үйлер өзінің өзгешелігімен алыстан менмұндалап көз тартады. Ал оған қол жеткізу – кім-кімнің болса да ішкі арманы. «Әттең тонның келтесі-ай»- деп тапқан -таянғаны пәтер жалдаудан артылмайтын жандардың бұл әсемүйлерге таңдана қарап, терең күрсінгеннен басқа амалы да жоқ еді.. Мен де сол арман қол жеткізе ме жоқ па деп жүргенде, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін тұрғын үймен қамту жайында хабарлама келіп, үйі жоқ мен сияқты«көшпенділердің» үмітін оятты .Жақсы хабар құлақтарына жеткен үй-күйі жоқ қаншама оқытушы-қызметкерлер өз өтініштерін өткізе бастады. Мен де құжат жинап, құжат тапсырғандардың ең соңы болып өткізуге келдім. Құжатты университеттің кадр бөлімінің қызметкерлері жинап жатыр екен. Құжат тапсырған жандардың қарасы көп, кешігіп қалғанымды айтқан кадр қызметкері кадр бөлімінің басшысы Айнұр Сатылғанқызына кіруімді өтінді.Сыртынан естіп, танығаныммен өтініш айтып алдына бірінші кіруім. Жағдайымды, мүмкіндігі шектеулі балам бар екенін айттым.Бағдарламаның мән –жайын, өтініш берушілердің көптігін, әрбір өтініш берушінің жағдайын министірліктің жіті қарап, өткізетінін түсіндірген Айнұр Сатылғанқызын тыңдап отырып, әрбір істі байыбына барып,сабырмен шешетінін,қызметкерлердің тұрмыс-тіршілігін ой-парасат биігінен терең ойлайтындығын байқадым.Құжатымды ең соңғы болып тапсырдым.
Бұл күнде кез келген газет-журналды ашсаңыз да әлеуметтік желіні, теледидарды қарап, радионы тыңдасаңыз да «Елім», «Алашым», «Қазағым» деп қам жеген азаматтарды, азаматшаларды көреміз, Сөз жүзінде бәрі данышпан, ұлт үшін жан беруге дайын, бірақ құр сөз, сонда да аттары дардай, танымал, тұлға... ал нақты амалмен, іспен дәлелдеп жатқан азаматтардың жарқын ісі байқалмай жататыны өкінішті.
Шынында да аз уақыттың ішінде Айнұр Сатылғанқызының ішкі- жан дүниесі бай, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, құндылықтарды бойына сіңірген, заман талабына, уақыт ағымына сай, қоғамның кез келген жағдайында белсенділік таныта алатын, кісілік пен кішіліктің ара салмағын тең ұстай білген, өзіндік көзқарасы мен пікіріне адал жанның бірі екеніне көзімді жеткіздім.
Күз айында министрлік бекіткен университет қызметкерлерінің тізімі сайтта жарық көрді, тізімге ілінгеніме қуаныштан жүрек жарылып, пәтер алғандай қуандым. Бірақ әлі де болса алдымызда өте қиын кезеңдер тұр еді. Осы кезде Айнұр Сатылғанқызының қызметкерлермен бірге жүріп, көрсеткен жәрдемі, қолдауы, бастықпын деп шіренбей, қарапайымдылық танытып, әрдайым тілегімен, жүрегімен бірге болғанын ерекше атап өткім келеді.
Көптен күткен баспананың кілті тигенде ерекше сезімде болып, қуаныштың көз жасын жасыра алмадым. Ал үйге кіргендегі сезімді жеткізу тіпті мүмкін емес.... «Бұл енді менің үйім» деп терең тыныстадым. Көп балалы көршілерімнің де осындай сезімді бастарынан өткізіп жатқанында дау жоқ, тіпті кішкентай ботақандар сене алмай, алғаш пәтерлеріне кіргенде көздері бақырайып, әр бұрышта үйдің қожайыны қашан келіп қалады дегендей үрпиісіп, еркін сезіне алмай қалғандарын байқап, осы уақытқа дейін именіп, сескеніп, алаңсыз ойнай алмай, өсіп келе жатқан балалардың сезімін байқанда, бұл қуаныштың қаншалықты өзектілігін біле аласыз.
Қаншама мүмкіндігі шектеулі, көп балалы, жалғыз басты, мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасы мүшелерінің осындай әсем ауданнан пәтер алуына мұрындық болып, тер төккен, қолынан келген көмегін аямаған Айнұр Сатылғанқызына әрбір отбасының айтар алғысы шексіз. Жанашырлыққа –жан риза дегендей шын мұқтаж жандарға қамқоршы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну - сауабы мол іс. Осындай істің иесі Айнұр Сатылғанқызының бізге көрсеткен мейірімділігін, қамқорлығын, қолдауын,қысылғанда қол ұшын бергенін ешқашан ұмытпаймын. Адам баласының шын болмыс-бітімі, жан-түкпіріндегі ниеті басқа түскен үлкен қуаныш пен қайғыда, қиыншылықта көрінеді, міне осындай сәтте мен Айнұр Сатылғанқызын танып білдім.
Әлі алда талай асулар, алынбаған қамалдар тұр. Айнұр Сатылғанқызы соның бәрін сабырлылықпен бағындыратынына сенемін. Қиындықтарды көріп жігері жасымаған, мерейі көтерілгенде асып-тасымаған қазақтың қайсар қызына әманда құдайым қуат, жігер, жеңістер берсін дегім келеді.
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің оқытушысы
Райхан Дүйсенбаева