Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлі дүниеден өтті.
Қайғылы хабарды ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева желідегі парақшасында жазды.
«Белгілі дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің өмірден озуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Бұл бүкіл қазақ руханиятына ортақ ауыр қайғы. Әбсаттар Бағысбайұлы бүкіл саналы ғұмырын имандылыққа арнап, асыл дініміздің тура жолын халыққа дұрыс жеткізу ісіне өлшеусіз еңбек сіңірді», - делінген министрдің instagram парақшасында.
Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі – 1947 жылы 15 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1969 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік тәмамдаған. 1970-1975 жылдары КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыды. Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы (1998).
Кеше дінтанушы жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатқаны айтылған болатын.