Түркістан облысында тауға кеткен 7 жігіт іздестіріліп жатыр.Үш тәуліктен бері жүргізілген жұмыстар әзірге нәтижесіз. Жас туристер «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу жетуді көздеген. Астана телеарнасының мәліметінше, олар 24 мамырда қалаға қайтып келуі тиіс еді. Бірақ олар келмеді.
Жоғалған студенттер үшінші тәулік іздестіріліп жатыр. Әзірге бір дерек жоқ. Жеті адам Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағындағы бірнеше шыңды бағындырып қайту үшін 21-мамыр күні жолға шығып кеткен. «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алғандар үш күннен соң кері қайтулары тиіс еді. Бірақ оралмаған. Олардың жоғалғаны туралы құтқару қызметіне хабар 25-мамыр күні кешкі 18:30-да берілген. Іздеуге елуден аса адам жұмылдырылған.
«Кешегі күні жағдай бойынша 37 километрден астам жерлерді жаяу жүру арқылы құз асуларда іздестіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар квадракоптерді көтеру арқылы радиусі 4 шақырымнан асатын аумақтар зерттелді. Алдыңғы күндері табиғаттың қолайсыз болуына байланысты яғни таулы аудандарда қар, жаңбыр жаууына байланысты тікұшақ арқылы зерттеу жұмыстары мүмкін болмады», - деді Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары.
Таулы аумаққа бүгін тікұшақпен барлау жасалуда. Төтеншеліктер, ұлттық парктің атты қызметшілері, шекара қызметіндегілер, полицейлерден бөлек жоғалғандардың туыстары да іздеу жұмыстарына қосылды. Белгілі болғанындай, жеті адамның алтауы - студент. Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қанат Қарабалаевтың дерегінше, жоғалған жастардың екеуі Ақтөбе, біреуі Атырау облысынан, ал қалған екеуі Орал мен Жезқазған қаласының тумалары.
Жеті жас Сусіңгенге жетті ме, жоқ па әзірге белгісіз. Бірақ жылы киім, жауын өтпейтін палаткалар алып кетті деген мәлімет бар.
Сурет: kursiv.kz