Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Келіс Жайлыбай «40-50 жылдан кейін қазақ жерінің шөлге айналатынын, ал елдің басым бөлігі құрғақшылық зардабын тартатынын». Ғалым экологиялық апаттың алдын алу үшін бірқатар шаралар қабылдау қажет деп санайды.
«Құрғақшылықтың алдын алудың және екі қарапайым әдісі бар. Біріншіден, атмосферадағы көмірқышқыл газының тепе-теңдігін сақтау және экологиялық апаттың алдын алу үшін балама энергияны көбірек пайдалану қажет. Екіншіден, Қазақстанда емен, арша, үйеңкі, каштан, қарағай, теректі көп мөлшерде өсіру қажет. Бұл өсімдіктер фотосинтездің қуатты көзі болып табылады және ұзақ өмір сүреді», – дейді Келіс Жайлыбай.
Ғалым қоршаған ортаны сақтау үшін жастарды экологиялық патриотизм саласында тәрбиелеу және адамдарды жаппай ағаш отырғызуға тарту қажет деп санайды. Әсіресе, бұл іске ауыл оқушылары мен ауылдық жерлерде тұратын халықты жұмылдыру қажет.
«Әр оқушы, жас маман және жергілікті тұрғындар кем дегенде 5 немесе 10 ағаш отырғызып, өсіруі керек. Бұл жағдайда жылына 12 миллионға жуық ағаш көшеттері отырғызылады. Егер бұл процесс 45-50 жыл бойы жалғасатын болса, елімізде көптеген ағаштар өседі. Біздің ата – бабаларымыздың: «Бір жылдығыңды ойласаң егін ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш ек», - деп айтқаны бекер емес», - дейді профессор.
Келіс Жайлыбай «Экология» пәні 5-6 сыныптардан бастап мектеп оқу процесіне енуі тиіс екенін айтады. Жастарды Қазақстандағы экологиялық жағдай туралы хабардар ету қажет.
«Мысалы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында жаз айларында температура Цельсий бойынша 38-50 градусқа дейін жетеді. Бұл өз кезегінде елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне теріс әсер етеді. 2019 жылы құрғақшылықтың салдарынан астық өнімділігі күрт төмендеп, жайылымдардағы шөптер нашар өсті. Ұлыбританиядағы Лидс университетінің ғалымдары әлемдегі құрғақшылық 2050 жылға қарай шыңына жетеді деп болжайды. Бұл құрғақшылықтың салдары Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында күшейеді деп күтілуде. Климаттың өзгеруі тұщы су тапшылығын тудырады, қатты ыстықтан болатын өрттердің саны артады. Құрғақшылық әртүрлі әлеуметтік проблемаларға әкеп соқтырады, жануарлар мен адамдар санының азаюына әсер етеді. Ал бұл экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырады», - деп қорытындылады Келіс Жайлыбай.