Ұлттық халық санағын 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz. арнайы сайтында онлайн режимде респонденттердің өздерінің толтыруы арқылы жүргізу жоспарлануда. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
2021 жылдың ұлттық санағын жүргізу кезінде Қазақстан азаматтарына барлығы 87 сұрақ қойылады. 1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастайды, мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі және ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізілетін болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы - интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді. Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-і қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.
Сурет: node2.akorda.kz