Қазақстанның бірнеше облысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты жол жабылып, қозғалыс шектелді.
«Жамбыл облысының аумағында сағат 10:00-ден бастап қар аралас жаңбыр жаууы себепті «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының Отар және Қайнар ауылдары арасындағы жолда қозғалыс шектелді», - деді «ҚазАвтоЖолдың» баспасөз хатшысы Маржан Ордабай.
Ал Шығыс Қазақстандағы Төтенше жағдайлар департаменті жайсыз күн райынан бірнеше жол жабылып, мектептегі сабақ уақытша тоқтатылған.
«21-желтоқсанда ескерту жарияланды. Облыс көлемінде қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Түнде және таңертең республикалық, облыстық маңызы бар жолдардағы қозғалысты шектедік. Өскеменде де, Семейде де қатты жел тұруына байланысты мектептегі сабақтар тоқтап тұр», - деді облыстағы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері.
Шенділер тұрғындарға қатты мұқтаждық болмаса жолға шықпауға, жол жағдайын жіті қадағалап отыруға кеңес береді.
Жолдың ашық-жабық екенін 8-72-32-26-28-08 және 57-42-52 номерлеріне хабарласу арқылы білуге болады. Ал егер қатерлі жағдайға тап болсаңыз «112» номерін теріңіз.