Алматы облысындағы Кербұлақ ауданының 42 жастағы тұрғыны Гүлнәз Шәкенова 14-баласын дүниеге әкелді. Бұл туралы
"Хабар 24" арнасы хабарлайды.
Он төртінші баласын бесік жырымен әлдилеп жатқан Гүлнәз Шәкенова нәрестесіне Нұрғалым деп ат қойыпты. Ол кіші қызының 2 жасқа толған туған күнінде перзентханадан шығарылған. Сол себепті есім таңдау періште пейілді бүлдіршінге бұйырған екен. Қос қуанышы қатар келген отбасы балаларын жаратушының берген сыйы деп біледі.
"Әр бала дүниеге келген сайын қуанамыз. Құдайдың берген сыйы. Біздің өміріміздің мәні. Біздің байлығымыз. Өмірге деген құлшынысымызды оятып, көңілімізді көтеретін бала шағамыздың арқасында қандай қиындық болса да жеңіуге тырысамыз", - деді Гүлназ Шәкенова.
14 баланың әкесі бұл Алланың сыйы екенін айтып, жастарды көп балалы болудан қорықпауға шақырды.
"Балаларға жақсы жүру жаңағы жақсы болыңдар, үлкенді сыйлаңдар, кішіпейіл болыңдар деп тәрбиелеймін. Бала көптік етпейді. Алланың бергені ғой. Әр баланың нәсібі өзінде. Бір қой артық туса бір жусан артық шығады дейді ғой. Қазақта мақал бар ғой, сол ғой. Жастарға айтатыным қорықпау керек. Жастар қорқады ғой, оны Алла тағала құр қол қайырмайды ғой", - деді ол.