Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық БАҚ-қа неге сұхбат бермейтінін айтты.
"Мен президент отандық БАҚ-қа сұхбат бермейді дегенге келіспеймін. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, ол "Ана тілі" газетіне, "Егемен Қазақстан" газетіне, отандық мерзімді басылымдарға сұхбат беріп жүр. Жалпы мемлекет басшысын көп адамдар сұхбатқа келген кезде дұрыс түсінбей жатады. Президент көп сұхбат беріп, сөйлеп, пікір алмасқаннан гөрі, істің адамы десек болады. Көп жағдайда сөзден гөрі көбірек іске ден қойып, тапсырмалар беріп, оның орындалуын қадағалайды", – деді Берік Уәли.
Оның айтуынша, адамдар Президентті басқа мемлекеттердің басшыларымен салыстырғанды ұнатады. Қытайдың төрағасы Си Цзин Пин өткен жылы коронавирустық дағдарыс кезінде халықтың алдына екі-ақ рет шыққанын айтты.
"Шығыстағы көршіміз Қытайдың төрағасы Си Цзиньпин мырза былтыр коронавирус өршіп, ошағы Қытайда пайда болған кезде, бір жылдың ішінде халықтың алдына екі-ақ рет шыққан шығар. Ол бір рет халық алдына шығып, індетпен қалай күресіп жатқанын, Қытайдың ұстанымын айтты, болды. Қайта-қайта жылтыңдап, сұқбат беріп, журналистер алдына шыққанын көрген жоқпыз. Әлі де олай емес", – деді ол.