Қазақстан мен Түркия ортақ телехикая мен фильм түсіруге ниетті. Бұл туралы
"Хабар 24" арнасы хабарлады.Қос тарап оған қолдау білдіріп, жан-жақты көмек көрсетуге әзір екенін мәлімдеді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның Түркияның мемлекеттік TRT телерадиокорпорациясының басшылығымен болған кездесуінде айтылды. Ақжолтай хабар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі Кеңесі бейресми саммитінде ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастыру қажет деген тапсырмасына сәйкес жүзеге аспақ.
Түркияға жұмыс сапарымен келген министр Аида Балаева Ыстамбұлда орналасқан TRT телерадиокорпорациясының киностудия қалашығын аралады. Түсірілім мекендерін өз көзімен көрген министр, сала мамандарынан жан-жақты ақпарат алып, ортақ телехикая мен фильм түсіру бойынша пікір алмасты. Екі елге ортақ тұлғалар жайлы сөз қозғап, сапалы жобаларды жүзеге асыру қажеттігі айтылды. Түріктің белгілі продюсері Эмре Конук, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізіп, Қазақстанның тұмса табиғатында тарихи фильмдерді түсіруге қызығушылық білдірді.
Эмре Конук, продюсер: - Алдағы уақытта 6 бөлімнен тұратын Алып-Арслан тарихи телехикаясын түсірмекпіз. Туындыдағы соғыс алаңдары мен жазық дала көріністерін Қазақстанда түсіруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі кездесуде министр Аида Балаевамен осы жобаны жан-жақты талқыладық. Сонымен қатар Қорқыт Ата жайлы фильм түсіретін кез келді. Төрткүл дүние ұлы тұлғаларымызды тануы тиіс. Ұрпақтары ретінде бұл біздің борышымыз.