Алматы облысында соңғы аптада коронавируспен ауырғандардың өсу қарқыны 0,6 процентті құрады. Өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 99 адам тіркелген.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы облыс әкімі Амандық Баталов айтты.
Алматы облысында ауру деңгейінің өсуіне байланысты карантиндік режим күшейтілген.
Күшейтілген режим бойынша, мектепке дейінгі мекемелердің, қоғамдық тамақтану объектілерінің, діни ұйымдардың, қоғамдық моншалар мен көліктің жұмысы сағат 17:00-ге дейін, ал ойын-сауық объектілері мен мейрамханалардың жұмысы сағат 21:00-ге дейін шектелді. Айта кетейік, демалыс күндері облыста толық локдаун енгізіледі.
"Алматы қаласы мен облыс арасында халық көші-қонының жиілеуіне байланысты қала маңындағы Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында ауру деңгейінің біршама өсуі байқалады, бас санитарлық дәрігерлер шектеу шараларын күшейту жөнінде жекелеген қаулылар қабылдады", - деді облыс әкімі.