Өзбекстан президентінің күйеу баласы Отабек Умаров екі аяғының сынуына байланысты Оңтүстік Кореяға жеткізілді. Оған 4 наурыз күні ота жасалды.
Шавкат Мирзиёевтің күйеу баласы әрі мемлекет басшысы қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары 36 жастағы Отабек Умаров 13 ақпан күні шамамен 18:00 кезінде Ташкенттің орталығында жол-көлік оқиғасына ұшыраған еді.
Қатты жылдамдықпен келе жатқан мотоциклдің жүргізушісі қарсы келіп қалған жеңіл көлікпен соқтығысып қалмау жағын ойлап, кілт солға қарай бұрып жіберуге мәжбүр болған. Соның нәтижесінде тізгінге ие бола алмай, жол жиегіндегі бордюрге барып соққан. Бірақ жүргізуші аман қалған.
Мотоциклде отырған Отабек Умаров болып шықты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ол аяғын қатты жарақаттап алған. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін Умаров Оңтүстік Кореяға жеткізіліп, екі апта карантинде болған.
Жергілікті басылым Өзбекстан Президентінің Әкімшілігі, Президенттің Мемлекеттік күзет қызметі және жол-көлік оқиғалары туралы есеп беретін Ішкі істер министрлігі мемлекет басшысының күйеу баласына қатысты оқиға туралы үнсіз отырғанын атап өтті.