Бұл туралы Нұрлан Нығматулин Мәжілісте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры басшыларының, Үкімет мүшелерінің, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен өткен «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» заң жобасын талқылаған отырыс барысында айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, квазимемлекеттік сатып алу саласындағы ашық және тиімді процестер көптеген экономикалық сұрақтарды шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, отандық өндірісті және өз өнімдерімізді қолдауға жол ашады. Екіншіден, бұл шағын және орта бизнеске көмек болады. Осының барлығы жұмыс орындарын сақтап, әлеуметтік жағдайды да одан әрі дамытуға ықпал етеді», - деді Мәжіліс төрағасы.
Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу жүйесі туралы депутаттар алдында баяндама жасады.
«Біздің елімізде квазимемлекеттік сектор субъектілері әртүрлі векторлы, көп салалы сипатқа ие. Сатып алу рәсімдерін шамадан тыс нақтылау компаниялардың операциялық қызметіне теріс әсер етіп, сондай-ақ олардың инвестициялық тартымдылық деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл заң жобасы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуына қатысты базалық қағидаттар мен тәсілдерді қамтиды.
Сатып алулардың тиімділігі, квазимемлекеттік секторда да, әсіресе, қазіргі Қазақстанның экономикалық белсенділігін қалпына келтіру кезеңінде өте өзекті. Сондықтан біздің міндетіміз – отандық тауар өндірушілер үшін квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының қолжетімділігі мен ашықтығын арттыратын сапалы заң қабылдау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында дәл осындай міндет қойды. Бүгін осында, Мәжілісте өткен мазмұнды диалог бізге – депутаттарға, Үкіметке және отандық бизнес өкілдеріне заң жобасы бойынша жұмыстың бірыңғай стратегиясын әзірлеуге мүмкіндік береді», - деп қорытындылады сөзін Нұрлан Нығматулин.