Қазақстан мен Ресейдің Ауыл шаруашылығы министрліктері шекараға жақын аумақтарында зиянкес шегірткеге қарсы күрес мәселелері бойынша кеңес өткізді. Екі ел министрлігі мамандарының жыл сайынғы кеңесі биыл видеоконференция режимінде өтті. Аталған жиында ауыл шаруашылығы зиянкестерімен және ауруларымен күрес жөнінде жоспарланған шаралар туралы ақпарат алмасты.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы Алмабек Марс ресейлік әріптестеріне 2020 жылы Қазақстанда шегірткелерді улау жұмыстары 515 мың гектарға жүргізілгенін, ал биыл зиянкестер 640 мың гектар жерге таралуы мүмкін деп хабарлады. Шегірткемен күресуге республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы барлық болжанып отырған аумақтар үшін пестицидтер мен химиялық өңдеу қызметтерін сатып алуға жеткілікті.