Аллерголог-иммунолог Владимир Болибок Sputnik радиосына берген сұхбатында "Ұжымдық иммунитет қалыптасса, олар қауіпсіз ортада бола ма?" деген сұраққа жауап берді.
"Ұжымдық иммунитет жеке адамға ешқандай әсер етпейді. Адамның иммунитеті болмаса және ол байланысқа түссе, сәйкесінше оның ауырып қалу қаупі бар. Жағдайына қарай коронавирус инфекциясының жеңіл немесе өте ауыр түрімен ауыруы мүмкін. Ұжымдық иммунитеттің дамуын күту - эпидемияға қарсы шараларды жоспарлау үшін маңызды. Онда шектеулерді сақтау немесе жою туралы шешім жасалады", - деді Владимир Болибок.
Ауырмаған және коронавирусқа қарсы иммунитеті жоқ адам әлі де сақтық шараларын сақтауы керек, дейді иммунолог.
"Адам вирус жұқтырмаса, ол бәрін дұрыс жасап жүр деген сөз, сақтық шараларын сақтауды жалғастыра беру керек. Қазір коронавирустың таралу арналары толығымен жойылды деу қиын", - деді Владимир Болибок.
Дәрігердің айтуынша, COVID-19-бен ауырмаған және вакцинацияланбаған адамдар үшін арнайы шектеулер пайда болуы екіталай.
"Коронавирус жұқтырмаған адамдардың әлеуметтік мәртебесі өзгереді деп айта алмаймын. Алайда реттеу деңгейінде шешімдер болуы мүмкін. Мысалы, белгілі бір мекемеге вакцина салдырған адамдар ғана жұмысқа қабылдануы мүмкін. Қазір мектепке дейінгі балалар мекемелеріне дифтерия, қызылшаға қарсы егілген адамдарды қабылдайды, олар бактериялық инфекцияларға тексеріледі. Кейін коронавируспен ауырмаған адамдарға қандай да бір талаптар қойылуы да әбден мүмкін", - дейді Владимир Болибок.