Академик Сұлтан Сартаев қайтыс болды деп хабарлайды Bairaq.kz порталы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Академик бүгін, 13-желтоқсанда өмірден озды.
Сұлтан Сартайұлы Сартаев - кеңес және қазақстандық ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Құқықтану және халықаралық қатынастар институтының ректоры, Қазақстан заңгерлер қауымдастығының вице-президенті. Ол еліміздегі Конституцияның негізін қалаушылардың бірі.
Сартаев 1995 жылы еліміздің Ата Заңын дайындауға белсенді араласқан. Оның бастауымен Конституцияға Қазақстанның жер және жер қойнауы, ұлттық нышандарына байланысты көптеген маңызды өзгеріс енгізілді.
Сұлтан Сартаев 1927 жылы 15 қазанда дүниеге келген. 1962 жылы Сұлтан Сартайұлы ауылдарда қазақ мектебін бітіргендер үшін заң факультетінде қазақ бөлімін ашу үшін барлық күш-жігерін жұмсаған. Ол балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және шәкіртақы алуға, қазақ тіліндегі қабырға газетін шығаруға көмектесті.