Атырауда 4 ақпан күні белсенді Макс Боқаев түрмеден босап шықты. 2016 жылғы жер митингілерінен кейін 5 жылға сотталған, құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп атаған Макс Боқаевты түрме алдынан ондаған жақтасы, белсенділер мен БАҚ өкілдері қарсы алды.
Бейсенбі күні таңертең Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінен бостандыққа шыққан ол өзін қарсы алуға келгендерге алғыс айтты.
"Халықтың қолдауына, халықаралық ұйымдарға рақмет айтқым келеді. Халық қолдауы болмаса мені жоқ қылып жіберетін еді. Сүйегімді таба алмайтын едіңдер. Рақмет сол үшін! Теледидар, радио-газеттен қарап отырмын жағдайды. Назарбаев тақтан кетсе де, 5 миллиметр өзгеріс бар деуге болады. Бірақ алып бара жатқан өзгеріс жоқ. Сондықтан ары қарай қоғамдық жұмыспен айналыса беремін", - деді Боқаев.
Ол халық билікке талабын жеткізу үшін әр аптаның соңында бейбіт митинг өткізу керек екенін айтты.
"Үкімет ақылға келмесе, 3 сәуірден бастап алаңдарда шатыр тігіп отырамыз", - деді Боқаев.
Белсенді азамат Қазақстанда биыл 10 қаңтарда өткен парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауын "өтірік сайлау" деді.