Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин симптомсыз коронавируспен ауырып жатқан науқастарды ауруханаға жатқызу пайдасыз әрі қауіпті деген дәрігерлердің сынына жауап берді.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, инфекция тізбегін үзу үшін эпидемиялық процестің үш буыны қолданылады. Олар:
1. инфекция көзіне (ауру адам, вирус тасымалдаушы);
2. берілу жолына (коронавирус ауа тамшылары мен тұрмыстық заттар арқылы жұққанда: қорғаныс құралдары мен әлеуметтік қашықтық, тығыздықты азайту қолданылады);
3. сезімтал ағзаға, яғни иммунитеті жоқ байланыста болған адамдарға.
"Вакцинаның болмауына байланысты біз әлі сезімтал ағзаға әсер ете алмаймыз. Ал берілу жолына жасалған жұмыс қажетті нәтиже бермейді, өйткені халық енгізілген шектеулерді үнемі бұзады және қорғаныс құралдарын қолданбайды. Мұны эпидемиологиялық тергеу нәтижелері растады.
Осыны ескере отырып, біз инфекция көздерін, ең болмағанда, клиникалық белгілері бар, сондай-ақ зертханалық зерттеулер кезінде анықталған байланыста болған және Алматы зертханасына өзі жүгінген науқастарды оқшаулау туралы шешім қабылдадық", - деді Жандарбек Бекшин.
Ол соңғы қаулы қабылданғанға дейін санитар дәрігерлер мен медицина қызметкерлері ауруханаға жатқызудың бұл тәсілін сынап көргенін айтты. 25 желтоқсаннан бастап олар екі-үш апта ішінде коронавирустың симптомсыз және жеңіл түрлері анықталған науқастардың 30-35 пайызын карантиндік стационарға жеткізген. Бекшин бұл жағдайда отбасыларда инфекция жұқтыру тоғыз пайызға төмендегенін айтты.
Алматының бас санитар дәрігері статистика бойынша 220 оқушы коронавирус жұқтырғанын хабарлады.
"Эпидемиологиялық зерттеулер бойынша, балалар вирусты үй карантинінде қалған ересек отбасы мүшелерінен жұқтырғаны анықталды. КВИ-дің симптомсыз және жеңіл түрінің қаупі - олар басқаларды қоғамдық орындарда жүріп, қоғамдық көліктерге отырып жұқтырады. Олар әлеуметтік қашықтықты да, маска тағу режимін де сақтамайды", - деді Жандарбек Бекшин.