Коронавирус жұқтырып, ауырып шыққан қазақстандықтар ұйқы және психика тұрғысынан шағымданды. Әлеуметтік желі қолданушылары туыстары ауырғаннан кейін ұйықтамайтынын, еш себепсіз айғайлап, күлетінін жазып жатыр.
Алматылық Айдана Борақұлованың (аты өзгертілген) айтуынша, оның әпкесі коронавирустан кейін ұйқысыздыққа тап болып, күйзеліске түскен.
"Бір ай бұрын бүкіл отбасым коронавирустың жеңіл түрімен ауырып шықтық. Бірақ соңғы уақытта әпкемнің оғаш қылықтарын байқап жүрмін. Ол түні бойы ұйықтай алмайды, көңіл-күйі де күрт өзгере бастады. Кейде бір нүктеге қарап, ұзақ отырып қалады. Бұрын мұндай болған емес. Енді маманға жүгінеміз", - дейді алматылық.
"Жақын адамым коронавируспен ауырды, бірақ қазір жағдайы нашар. Барлығын ұмытып қалады, сөйлесең жауап бермейді, түнде ұйықтамайды, еш себепсіз айғайлайды, күледі", - деп жазған Желі қолданушысы.
Жұқпалы аурулар дәрігері Марина Головенко психологиялық бұзылулар коронавирустың салдары болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
"Бұл белгілер бұрын жарақаттан кейінгі, постишемиялық немесе басқа энцефалопатиясы болған адамдарда айқын көрінеді. Яғни пациенттің жүйке жүйесінде кейбір проблема COVID-19-ға дейін болғанын көрсетеді, ал қазір ол қозған.
Сонымен қатар, аурумен байланысты қатты эмоционалдық күйзеліс психикалық ауруларды шығаруы мүмкін. Мұндай жағдайларда психиатр мен невропатологпен байланысу керек", - деді Марина Головенко.