Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын отшашулар науқаны жақындап келеді. Байқасаңыздар, сауда нүктелерінде жыл сайын түр-түрі самсап тұратын отшашулар биыл көрінбейді. Жаңа жыл қарсаңында отшашу қызықтаймын деп айыппұл арқалауыңыз да әбден мүмкін. Қалай?
Егер көршілер немесе жақын жердегі тұрғындар дүйсенбі-бейсенбі аралығында 22:00-ден кейін, жұма-жексенбі аралығында 23:00-ден кейін шағым түсірсе, тыныштық бұзғаны үшін отшашу ұйымдастырған азамат жауапқа тартылады.
ҚР Әкімшілік Кодексінің 437-бабы бойынша тыныштық бұзған азаматқа 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал бұл тәртіпке томпақ келетін әрекетпен айналысқан шағын бизнес нысандарына 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеу міндеттеледі.
Фейерверктерден отшашу жасаудың өзіндік бірқатар ережелері бар:
- 50 метрге дейінгі радиуста тез тұтанатын заттардың болмауы;
- пиротехниканың сертификаты мен жарамдылық мерзімінің дұрыс болуы;
- фейерверкті тұтатқаннан кейін 15-20 метр қашық жерден тамашалау.
Коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған қатаң карантин кезінде келе жатқан жаңа жыл қарсаңында отшашу ұйымдастырып, опық жеп қалмаңыз.