Айтыскер ақын, актер, филолог Ринат Зайытовтың YouTube желісінде сұхбаты жарияланды.
Ринат өзін қай партия қатарына алғысы келіп, ұсыныс тастағанын айтты.
"Қатарына алғысы келгендер болды, бірақ олар менің дегеніме көнгісі келмеді. Бірінші ЖСДП мен келіссөз болды. Adal партиясынан да ұсыныстар болды. Бірден айттым, егер мен сіздерге жұмыс істеп берсін десеңіздер, онда мені партияның үштік тізіміне кіргізесіңдер дедім. Мен сендерге кемінде 11%-дық аудитория жинап беремін. Бірақ мен өзім ғана бару керекпін дедім. Себебі, сенетін адам тапқан жоқпын. Ақыры беделіңді салып халық шақырдың ба, онда өзің ғана жауап беретіндей болуың керек. Оған көнбегеннен кейін, аман болыңдар, сайлауларың өздеріңе дедім", - деді ақын.
Сондай-ақ, Ринат Зайытов осы жолғы сайлауға бақылаушы ретінде қатысатынын айтты.
"Мен бақылаушылар жағында болуға тырысамын. Себебі, бақылаушыларға өзімді қарыздармын деп есептеймін. Бақылаушылар мектебі менің саяси мектебім болды. Сондықтан бақылаушыларға сеніммен қараймын. Бақылаушылар сайлаудың қозғаушы күші", - деді Ринат Зайытов.
Дәл қазіргі уақыттағы билікті қатты састырып, қорқытып отырған саясаткер кім, деп сұрады Ринаттан.
"Билік бәрінен қорқады қазір. Саясаткерді былай қойып, 15 жасар бала "мен билікке қарсымын" десе, ертеңіне сол баланың ит-рәсуасын шығарады. Билік жарымжан, ақылы кем адам шықса да қорқады. Себебі, көп қылмыс жасаған адам, көбірек қорқады" - деді Ринат.
Дереккөз: Ринат Заитов Әлем you tube желісі