Сталиннің балаларымен қарым-қатынасы ешқашан дұрыс болған емес. Ол тіпті ең жақын адамдарының өзіне мойынсұнбауын көтере алмайтын еді. Алайда, Екатерина Сванидземен алғашқы некеден туған ұлы Яков Джугашвилимен қарым-қатынасы нағыз драмаға айналды. Себебі неде?
Яков 1907 жылы туып, әкесімен тек 1921 жылы, яғни, 14 жасында қайта қауышады. Бала бір жасқа толмаған кезде Екатерина Сванидзе көз жұмып, Яков анасының туыстарының қолында тәрбиеленеді. Ол 14 жасына дейін революциялық күреспен айналысқан әкесін дұрыс танымайтын. Сталинге де орыс тілін дұрыс білмейтін, ұялшақ және тұйық жасөспірім жат көрінді. Яков Василий Сталин дүниеге келген жаңа отбасында өзін жақсы сезінбеді. Бірақ Надежда Аллилуева өгей баласын жылы қабылдап, оған қамқорлық жасауға тырысты. Мектептен бітіргеннен кейін Яков сыныптасы әрі діни қызметкердің қызы Зоя Гунинаға үйленеді. Бұл жағдайға әкесі қатты ашуланды. Үлкен жанжалдан кейін Яков өзіне-өзі қол жұмсайды, бірақ жарақаты жеңіл болып, аман қалады. Сталин Аллилуеваға жазған хатында ұлын ешнәрсе жасамайтын жалқау және бұзақы екенін айтады.
Яков әйелін алып Ленинградқа кетеді. Бұл ісі де әкесін қуантпады. Ленинградта қызы дүниеге келіп, көп ұзамай қайтыс болды және некесі бұзылды. Сталин ұлдарының әскери мансап қуғанын армандады, бірақ Яков Мәскеудегі көлік инженерлері институтын бітірген. Аллилуева өз-өзіне қол салғаннан кейін әкесі мен ұлы арасындағы қарым-қатынас мүлдем салқындап кетті. Өйткені оларды татуластыратын ешкім болмады. Сталин ұлының әйелдерін, сондай-ақ немерелерін жақтырмай, қырын қараумен болды.
Бірақ 1937 жылы Яков әке тілегін орындап, Қызыл Армия артиллериялық академиясына оқуға түсті. 1941 жылдың 27 маусымынан бастап командир болады. Тіпті, Сеннодағы шайқас үшін медаль иеленген. Яков Лиозно маңындағы қоршаудан шыққан кезде тұтқынға түседі.
Оның тұтқынға түскені туралы факт соғыстан кейін расталды. Кейбіреулері бұл Германияның арандатушылығы екенін айтады. Бірақ Светлана әкесімен әңгімесін есіне алып, немістердің шынымен Яковты өз адамдарының біреуіне айырбастауды ұсынғанын мойындады. Сталин саудаласпайтынын кесіп айтқан. Тұтқын Паулюсты ұлына ауыстыру туралы ұсынысқа жауап ретінде айтылған Сталиннің «Мен солдатты фельдмаршалға ауыстырмаймын» деген сөзі расталмады. Кейінірек Жуков Сталин Яковтың неміс тұтқынынан шықпайтынына алдын-ала сенімді болғанын айтты.
Екі жыл бойы Яков қамауда болады. Яковтың өзі де немістермен ынтымақтастықтан бас тартады. Әкесінің айтар жауабын білгендей, Яков қоршауда тұрған кезінде өзін-өзі атпағанына өкінетінін айтқан.
Яков туралы жаңалықтардан кейін оның әйелі Юдифь бір жарым жылға қамауға алынды – «көсемнің келіні» деген мәртебесі оны құтқара алмады. Тек тұтқыннан қашу кезінде ұлының ерлікпен қайтыс болғанын естіген Сталин мейірімі оянып, келінін қамаудан босатады. Көптеген жылдар бойы Яковтың пен Екатеринаның есімі Сталин отбасында айтылмайтын. Тек соңғы жылдары ғана Сталин бірінші әйелі мен ұлын есіне алған.