Әубәкіровтың мейрамханасы, үйір-үйір жылқысы бар деген қауесет қаншалықты рас?
Тоқтар Әубәкіров сайлау алдындағы халық құрылтайына не себепті барғанын айтты.
"Мен осы елдің ұлтшыл азаматымын. Елде болып жатқан жайтқа бей-жай қарай алмаймын. Кей нәрселерді өзгерткім келеді. Сондықтан өз позициямды білдіру үшін бардым. Мені Қасым Жомарт Тоқаев халықпен диалог орнатамыз, халықпен ашық боламыз деп орнатқан сенім кеңесіне, ашық диалогқа шақырған жоқ. Президент ақылды кісілерді жинады, бірақ мен ол ақылды кісілер қатарына кірмеппін. Оған өкпе жоқ. Шындықтан бәрі қорқады. Конституцияда әрбір адамның сайлануға, сайлауға құқысы бар екені қара сиямен жазылған. Бірақ біздің құқығымыз жоқ", — деді Әубәкіров.
Халық қаһарманы қайта депутат болғысы келмейтінін атап өтті. Ол қазіргі жастардың көзі ашық екенін, алайда патриоттыққа тәрбиелеудің әлсіз болып тұрғанын айтты. Ол үшін арнайы идеология, арнайы бағдарламалар керек. Жастарды қолдау керек екенін жеткізді.
Ел аузында ғарышкердің қотан толы қойы, жайлау толы жылқысы бар, мейрамхана, дүкендері бары айтылып жүр. Оған Әубәкіров мырзаның өзі жауап берді.
"Менің бір дүкенім, бірде бір мейрамханам жоқ. Коммерциямен ешқашан айналысқан емеспін. Зейнетақым 290 мың теңге", — дейді ол.
Бұрындары қазақша бір сөз айта алмаған ғарышкер бір жаз ішінде ана тілін үйреніп шыққанын айтты.
"Арнайы Қызылордаға бардым. Қазақтың ортасында бір жазда ана тілімді үйрендім. Бір жаз ғана кетті. Кейбір шенеуніктер халықты ойлап, қазақ тілін үйренуге уақыты жоқ. Мен тіпті қазақша сөздердің мағынасын да түсінбейтінмін. Бастысы ниет керек. Намыс керек", — деді халық қаһарманы.