19 қараша күні Бестамақ ауылының 80-нен астам тұрғыны шошқа фермасын жабуды талап еткен. Наразы топтың айтуынша, шошқа қалдығы өзен суына ағып жатыр. Бейнежазбадан жол талғамайтын көлік наразы топтан қашып, қақпаны қиратып өткенін көруге болады.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ауыл маңында жұмыс істеп тұрған шошқа фермасын жабуды талап еткен Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғындарын қабылдады. Бұл туралы әкім өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Жүздесу барысында бастамашыл топ мүшелері көпшіліктің ой пікірлерін жеткізді. Мұқият тыңдап, тиісті органдарға қысқа мерзімде және шұғыл іс-шаралар жүргізуді тапсырдым. Қай мәселе болса да ашуға салмай, ақылға салып шешетін халықпыз ғой. Бұл проблеманың да оңтайлы шешу жолдарын бірге қарап, ортақ бір мәмілеге келдік", - деді ол.
Оңдасын Оразалин бұл дауда екі мәселе барын жазды.
"Біріншіден, қоршаған ортаға келтірген зиянды заттарды заласыздандыру, өтемақы төлеттіру және заң аясында жауапқа тарту. Бұнымен құқық қорғау органдары айналысуда, тиісті тапсырма берілді.
Екіншіден, көпшіліктің пікірін ескеріп, тексеріс қорытындысының нәтижесімен "Парижская коммуна – XXI" ЖШС басшылығына шаруашылықтың бағытын өзгертуге немесе мүлдем жабу туралы талап қойылады. Бұл мәселенің шешілу мерзімін анықтауды арнайы мамандарға тапсырамын. Шаралар барысы өзімнің жеке бақылауымда. Арнайы құрылған комиссия мүшелері күнделікті жұмыс барысын баяндап отыр", - деп жазды әкім.