Күні кеше «Ауыл» демократиялық-халықтық патриоттық партиясы Алматы филиалының мүшелері бас қосып, филиал төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Абдолла Сапарұлының есепті кезеңдегі атқарған жұмыстары туралы баяндамасын тыңдап, болашақта атқарар істерін пысықтады. Бас баяндамашының есебінен де, одан кейін жарыс сөзге шыққан партия саяси кеңесі мүшелерінің сөзінен де байқағанымыз ауылдықтар бірталай жұмыс атқарған. Соның бастысы ауыл шаруашылығымен ғылымды ұштастырып, әр аймақтағы шаруалармен бірлесе қомақты жобаларды жүзеге асырған. Оның ішінде егіс алқаптарын тамшылатып суғару, топырақтың құнарлығын сақтау үшін жаңа технологиямен биопрепараттарды өндіру және оны жерге сіңіру, мал басын асылдандыру секілді тың ізденістер бар. Бұл жұмыстарды «Ауыл» демократиялық-халықтық патриоттық партиясының мүшелері болып табылатын Алматы қаласындағы 11 ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары әр аймақтағы шаруа қожалықтарымен бірлесіп істеген. Сонымен қатар ауылдықтар басқосуда болашақта істейтін жұмыстарын да пысықтады. Ол міндеттердің басында «Топрықтың құнарлығын сақтау туралы» заң жобасын Парламентке ұсыну тұрса, одан кейін шарулар қолындағы техникаларды жаңарту жөнінде Үкіметке бағдарлама әзірлеп, оның жүзеге асуына қоғамдық бақылау жасамақ.
...Жә, мұның бәрі дұрыс-ақ. Енді «осы есептің бәрі неге жасалып, болашаққа бағдарламалар не үшін әзірленіп жатыр?» десек, 2020 жылдың басынан Парламент сайлауы басталып кететін секілді. Мұны басқосуды қортындылаған «Ауыл» демократиялық-халықтық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Сыдықовтың сөзінен аңғардық. Ол бұл басқосудың бекер өтіп отырмағанын, елімізде жылда жаңа жылдан кейін бір саяси реформа жүргізілетінін айта келіп былай деді:
Бұдан ары Төлеген Сыдықов бұған дейінгі сайлауларда 7 пайыздық межені бағындыра алмай, өздеріне қос палатадан бір орын тимегенін айта келіп, партияластарын бұл жолы белсенді болып, қапы қалмауға шақырды. Жалпы Парламент сайлауын мезгілінен ерте өткізуге еліміздің бас партиясы аталып жүрген «Нұр-Отандықтар» жазда-ақ, кірісіп кеткен. Партия төрағасының бірінші орынбасарлығына Елбасыға сенімді Бауыржан Байбекті жылы орнынан суырып алып кетіп, халық алдында сүйкім жинау үшін әлеуметтік қолдаулар бастап, тағысын-тағы дегендей... Елімізде Парламент сайлауы 2016 жылы өткенін, алтыншы шақырылым депутаттарының өкілетті мерзімі 2021 жылға дейін екенін ескерсек, қос палата қалаулыларының әлі де «қалғи» тұруларына уақыт бар еді. Алайда, оларды ерте сілкілеуге не себеп? Бір сайлаудың артынан екіншісі қылтиып, халықты тағы да әбігерге салмай ма? Себебі күні кеше Нұр-Сұлтанда өткен Astana Club-тың пленарлық отырысында Елбасы Президенттік өкілеттігін тоқтатуына байланысты өзіне қойылған сұрақтарға жауап бере келіп, тарихта өз еркімен орнынан кеткен және қайта келіп қызметін жалғастырған ел басқарушылары туралы мысалдарды тізіп өтті... Былай қарағанда жай мәлімет сияқты көрінгенімен саясаткерлердің әр сөзінің астарында мән жататынын ескерсек, күдік, күмәннің басы қылтия береді екен. Олай болған жағдайда Парламент сайлауының соңынан тағы да бір саяси доданың шаңы көрініп тұр емес пе..?
Нұрболат Абайұлы.