Жанболат Ағаділді өлтіріп алғанын мойындаған жас жігіттің видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетті. Видеода ол Астанаға бір жыл бұрын жұмыс істеу үшін келгенін айтады.
"Дос балалар шақырды. Біреуді ұрып-соғу немесе өлтіру деген менде жаман ниет болған жоқ. Төбелес басталып кетті, сол кезде мен Жанболат Ағаділге пышақ жұмсап қойдым. Оның атын енді біліп жатырмын, әйтпесе оларды танымаймын да. Ол менің жауым емес, қасым емес. Бұрын көрген адамым да емес. Қашып бара жатып, байқаусызда пышақ жұмсадым. Жанболат Ағаәділдің әке-шешесінен, туған-туыстарын кешірім сұраймын. Алла разылығы үшін", - дейді ол.
Еске салайық, 12 қараша күні кәмелетке толмаған Жанболатты өлтірді деген күдіктілер қамауға алындғанын тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов хабарлаған болатын. 10 қарашада сағат 22.56-да 102 шұғыл байланыс желісіне Көктал ықшамауданының Болашақ көшесінде болып жатқан жаппай төбелес туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жастар арасында өзара жанжал болып, оның арты төбелеске ұласқандығын анықтады. Нәтижесінде екі адам жарақат алды. Олардың бірі - 17 жастағы Ж.Ағаділовке пышақ салынған, ол жедел жәрдем келген кезде қайтыс болды.