Шекара шебі мығым ба?
Қытайдан екі қандасымыздың 1-ші қазанда қашып өткенін бұған дейін БАҚ құралдары әлденеше хабарлаған. Ол кезде ҰҚК Шекара қызметі тарапынан ешқандай ресми мәлімет берілмеген болатын. Жедел қимылдап, қырағы болуы тиіс Шекара қызметті басшыларының неге жайбасарлық танытқанын білмейміз, 15 қазанда ғана ресми мәлімет таратып, Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады. Ал, күні кеше ғана депутаттар алдына келген Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов қырағылық танытпаған офицерлерге қызметтік шара қолданылып, екі қандасымыз қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Оқиға орын алған соң отыз күн ойланып, әлде тиісті ақылдасатын «ақылгөйлерімен» ақылдасып айтқаны осы болды. Сөзіміз дәлелді болу үшін Шекара басшысының депутаттар мен БАҚ айтқан уәжінен үзінді келтірейік.
Негізінде мынау масқара жағдай. Шекара қызметінің директоры, генералдың айтатын сөзі емес. Егер Ділманов мырза шынайы жауапкершілікті сезінсе, бөлім командирін жұмыстан босатпас бұрын өзі отставкаға кетуі тиіс еді. Қайдағы сенімді қорғалған? Мүйіз бен дәрілік шөп жинаған хансулар екі күннің бірінде шекарадан заңсыз өтіп, ұсталып жатса... Ал, ұсталмағандары қаншама? Арнайы дайындықтары жоқ, екі бала жаяулап өте шыққанда байқамаған шекарашыларды қырағы деп қалай айтамыз? Сұрақ көп, жауап беретін басшы жоқ. Жалпы ҰҚК мен әскери прокуратура Шекара қызметіне кешенді тексеру жүргізсе, оған БАҚ өкілдерін де қатыстырса, талай заңсыздықтың беті ашылар еді... Ендеше біз айттық, жаздық, қалғаны құзырлы органдардың еншісінде.
Қандастарға қорған бола алмасақ елдігіміз қайда?
Ал, енді бірер сөзді амалсыз қашқын болып өткен екі қандасымыздың тағдырына қатысты арнасақ. Жалпы біздің биліктің шетелдерде жүрген қандастарымызға жатбауыр пиғыл көрсетіп жүргені бір бұл емес. Қытайдағы қазақтар мәселесі көтерілгелі соңғы екі-үш жылдың жүзі болып қалды, бір рет те ресми нота тапсырып, жағдайды дипломатиялық жолмен шешуге талпынған жоқ. Қытайдан алып қойған қарыздары көп пе, оларға қарап ауыздарын ашпайды. Осы жазда ғана Қытайдан тағы бір қандасымыз - Сайрагүл Сауытбай қашып өтіп еді, оған да босқын деген мәртебені берместен Чвецияға тентіретіп жібердік. Қарлығаштай пана іздеп келген бір қызға қорған бола алмаған соң не үміт, не қайыр? Егер Қытайда жағдай жайлы болса, бұлардың барлығы осылай қашып өтер ме еді. Бүгінде Қытайдағы 1,5 миллион қазақтың бәрі атамекенге үдере көшуге қамданып, теңіздей толқып тұр. Үй, жайын сатпастан тастап, сауда-саттық жолымен келіп қалып жатқандары қаншама? Шекара қызметінің басшысы айтқандай, мына екі қандасымызға қозғалған қылмыстық істі жалғастырып, оларға 2 миллион айыппұл салса, өздері қашып өткен олар мұнша қарыжыны қайдан тапсын? Сонда біздің заң орындары ол қарыжымен қай жыртықтарын жамағалы отыр? Әрине, олар таба алмайды, сол кезде заңның екінші тармағымен оларды бас бостандығынан айырып, елден шығарып, Қытайдың қанды шеңгеліне салып бере ме?
Бұл сұрақтарға да әзірше жауап жоқ. Негізі «жер көлемі жөнінен әлемде 9 орындамыз, жеріміз кең, халқымыз аз, игерілмей жатқан жеріміз қаншама, соны Қытайға жалға берейік» дегенде біздің биліктің таңдайы тақылдап-ақ кетеді. Ал, сол бос жатқан жерге Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Рессей, Қырғызстан, Түркіменстандағы қандастарымызды кезезең-кезеңімен көшіріп алайық дегенде кежегелері кері тартып-ақ, тұрады. Бұл аз адам емес, осы елдерде жоқ дегенде 5 миллион қазақ жүр. Мұның сыртында Түркиядан тартып, Еуропада жүрген қазақтар қаншама? Әрине, олар саяси және әлеуметтік қысым көрмегенімен тілін, дінін, болмысын жоғалтып, жергілікті көп ұлттарға жұтылып барады ғой. Оларда да 2 миллион қандасымыз өмір сүруде. Ал, біздің билік 30 жылда 1 миллион қазақты көшіріп алғанына тоқмейілсіп отыр. Олардың қаншамасы азаматтығын ала алмай, сарсаңға түсіп жүргені және бар. Бәрін айт та, бірін айт, өздері қорлық көріп келген қандастарды қамқор бола алмасақ елдігіміз қайда?
Нұрболат Абайұлы