Бадам тұрғын алабында тұратын Базарбек Раушановтың үй құстары өткен жұмадан бері өздігінен қырыла бастаған. Тамағы қырылдап, тұмсығынан сілекейі аққан үй құстары алдына тосқан жем-шөпке жоламай қойыпты. Қырылған құстардың бәрі жұқпалы дертке душар болғандығынан қауіптенген тұрғын оларды бірден өртеп жіберген. Бүгінде аман қалған екі тауықтың да жағдайы нашар екенін айтты.
Осы аумақта үй құстары қырылған бірнеше отбасы бар екен. Кеселдің қайдан пайда болғанын білмей абырдыраған олар ветеринар дәрігерлерді шақырған. Алайда мамандардың ешқайсы төбе көрсетпепті. Басшылық болса, болжау айтумен ғана шектеліп отыр.
Үй құстары қырылған тұрғындар құс тұмауынан үрейленіп отыр. Алайда мамандар осы күнге дейін Шымкентте құс тұмауы тіркелмегенін айтып, сабырға шақыруда.
Жалпы қалада 1 млн бастан асатын үй құсы бар. Олардың басым бөлігі құс фабрикаларының есебінде. Сол себепті, олар екпені өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті. Ал жеке шарушалықтар мен құс асыраушыларға мемлекет вакцинациялауға жәрдемдеседі. Қазірге дейін 202 мыңға жуық құсқа құс тұмауына қарсы екпе жасалған.