Біріккен Араб Әмірлігінде алкогольдік өнімдерді пайдалануға, өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылуға және некеде тұрмаған жұптардың бірге тұруына шектеу қоятын заң күшін жойды. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары жарыса жариялауда.
Заңға енгізілген түзетулерден кейін араб елінде 21 жасқа толған азаматтардың үйінде немесе арнайы қоғамдық орындарда алкоголь тұтынуы қылмыс деп есептелмейді. Бұған дейін араб елінде 21 жасқа толған және мұсылман емес туристер мен шетелдік азаматтар ғана ішімдік тұтынуға құқылы еді.
Сонымен қатар араб елінде әйелге зорлық-зомбылық көрсетудің жазасы ауырлайды. 7-қараша күні БАӘ көшбасшысы Халифа бен Зейд Аль Нахайян заңға енгізілген бірқатар өзгерістерге қол қойды.