Батыс Қазақстан облысында ұлына үйлену тойын ұйымдастырған ауыл әкімі қызметінен босатылды.
3 қараша күні COVID-19 таралуын шектеу жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округі әкімі Татжан Өтемісұлының ұлына ұйымдастырған тойы туралы сұрады. БҚО әкімі аппаратының басшысы Берік Батаев 9 қазан мен 9 қараша аралығы ауыл әкімінде кезекті еңбек демалысы екенін айтты.
«Осыған байланысты тексеру жүргізілді. Татжан Өтемісов 9 қарашаға дейін еңбек демалысында. 10 қарашадан бастап ол қызметінен босатылады. Сонымен қатар, Татжан Өтемісұлына карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін әкімшілік хаттама жасалып, 41 мың теңге айыппұл салынды». - деді Батаев.
Естеріңізге салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде БҚО Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округінің әкімі Татжан Өтемісовтің ұлына арнап ұйымдастырған тойының фото және видеосы тарап кеткен болатын.