28 қыркүйек – Алтайдың кербұғысы атанған қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Оралхан Бөкейдің туған күні. Осы ретте қаламгердің шығармалары бойынша иллюстрация жасаған татар суретшісі Бақы Урманче жайында аз-кем сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.
Бақы Урманче кім? 1897 жылы Татарстанда дүниеге келген қылқалам шебері 1930 жылдардың басындағы сталиндік қуғын-сүргіннен еліне аман оралғаннан кейін 1941 жылы ұлы Абайдың мерейтойына дайындық жөніндегі комитеттің шақыруымен Қазақстанға жолы түседі. Осылайша, көркем сурет пен графика бойынша жұмыстарды орындауға тапсырма алған суретшінің қазақ жеріндегі жемісті жылдары басталады. Қазақстанда 1941 жылдан 1956 жылға дейін шығармашылықпен шұғылданған талант иесі үшін бұл жемісті де жеңісті кезең болды. Олай дейтініміз, суретші осы жылдар мұғдарында «Амангелді штабы», «Абай жұмыс үс- тінде», «Жангелдиннің ұлы өткелдері» атты тарихи полотноларын, еліміздің тарихи тұлғаларының үздік портреттік галереясы, ғажап пейзаждары мен натюрморттарын өмірге əкелді. Солардың ішінде күйші Дина Нұрпейісованың, академик Қаныш Сəтбаевтың, жыр жампозы Жамбыл Жабаевтың, биші Шара Жиенқұлованың, заңғар жазушы Мұхтар Əуезовтің портреттері сурет өнеріндегі асыл мұраларымыздың қатарына енді. Суретші елімізде өткізген 15 жылдық саналы ғұмырында қазақ жерін аралап, халқымыздың салт-дəстүрімен, əдет-ғұрыптарымен танысқан. Қазақ жазушылары мен шығармашылық байланыс орнатып, олардың туындыларын өз еңбектеріне арқау еткен. Соның бірі – Оралхан Бөкей. Татар хал- қының талантты ұлы қазақ қаламгерінің бірнеше шығармасына иллюстрация жасаған. Оралхан Бөкейдің шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Мұзтау» повесі. Туындының басты кейіпкері – Ақтан. Балалық шағынан бастап бұғылардың тірлігімен біте қайнасқан ауыл азаматы. Тағдыры да тым аянышты. Əкесі соғыстан оралмаған, анасы дімкəс əрі мылқау. Ауылды қаңыратып бос қалдырғысы келмеген Ақтан күзетші болады. Жанындағы жалғыз сүйеніші де, сырласы да, мұңдасы да – Шағырқасқа аты. Ел кісікиік санайтын Ақтанның тағы бір серігі – өмір туралы сан қилы ойлары. Оның алдында қандай болары беймəлім өмір жолы тұр. Ол жолдан аман өту үшін мұз шыңыраудың құрдымындағы албасты адамды өлтіріп, сұм соғыс жалмаған əкесінің кегін алу, мылқау анасының тілін қайтару керек. Міне, шығармадағы дəл осы оқиға барысын Бақы Урманче суретіне арқау еткен. «Ақтан Шағырқасқаны өзімен бірге үңгірге алып кірмекші еді. Бірақ аты жүгенін соза қасарысып, көнбеген соң қожайыны оны жапырағынан жұрдай болған ағашқа байлады. Сосын қамшысын қолына ұстаған күйі Ақтан үңгір ішіне кірді. Əр қадам алға басқан сайын үңгір іші қараңғылана түксиді. Бір кезде Ақтанның есіне Тəңірқоймасы туралы Асан шалдың айтқаны түсті. Бейнебір бүкіл жын-перілер осында жиналып, шақырылмаған қонақты ізінен құпия аңдып келе жатқандай. Бір кезде үңгір бірнеше бөліктерге бөлініп кетті. Ақтан əрі қарай жүруге батылы бармай тоқтап қалды. Шашылып жатқан кен кесектеріне шалынған Ақтан жоңқаларды жинаған күйі сақтықпен кері жылжыды. Біркез, тізерлей отырған күйі сіріңке жағып, от тұтатты». Басы төмен салбырап кеткен Ақтанның жүзі азалы. Бақы Урманче үңгірдегі Ақтанды дəл осылай бейнелеген. Бақытсыз балалық шақ, қуаныш пен күлкіден ада жалғыздық туралы ойлар. Жолдасына адал, ақылды Ақтан мен кісікиік, асау мінезді Бұғы адамның арасындағы пікірталас-дау. Суретші кейіпкердің жапа шеккен жандүниесі мен жүрек қиналысын дөп жеткізген. Оның жүзін қайғы-мұң басқан, көздері ашық болғанымен, көңілі өлген, еріндерінің екі жағынан қиылып түскен сызықтар оның жан күйзелісін айғақтап тұр. Көздері бір нүктеге қадалып, қатып қалғандай. Оның жүзіндегі қара түске айналып кететін əр сызық күйзелісті көңіл күйінен хабар беріп тұрғандай. Алау оттың жалқыны ғана осынау ауыр сəтті сəл-пəл жеңілдеткендей. Ақтанды алда не күтіп тұр? Ол жағы беймəлім... Автордың ойын жалғастырған суретші кейіп - кердің үміт отын үрлеп, жақсылықтан қашпауға үндейді. Осы орайда Ақтанның қолдарына ерекше мəн берген. Еңбекқор адамның қарулы қолдары оның жамандықты жеңіп, жеңіске жететінін көрсеткендей. Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» повесінде жерді көк мұз құрсап, жоқшылық жайлаған бір кезеңде Аспан жылқыларды сайтан көпір арқылы айдап өтпек болады. Кенет тұлабойды тітіркентер үрейлі айқай естіледі. Бұл айқайдан кейін ешкім сайтан көпірден аман өтпеген екен. Бұл жолы да солай бола- ды. Көпір опырылып құлап, малшы күркіреп жатқан көлге құ- лайды. Абырой болғанда аман қалады. Екі аяғынан айырылады. Осылайша, табиғаттың перзенті табиғаттан тауқымет тартады. Бірақ басына түскен азапқа мойынсұнбайды. Бұл жерді жеті атасынан бері жайлап келе жатқан жұртшылық табиғаттың таңғажайыбына тамсанумен бірге, оның қатаң мінезіне де қыңқ етпеген қайсар жан дар. Сурет-иллюстрацияда қым-қиғаш қаракетті көруге болады. Қар көшкіні кезінде шырайналып, көлге құлап бара жатқан Аспан. Болған сұмдықтан жүзі əлемтапырық болып кеткен оның жанайқайы тауды жаңғырықтырады. Əне-мі не жұтып жіберердей өзіне жөңкіліп келе жатқан қар көшкіні кезіндегі кейіпкердің жай-күйін суретші шынайы жеткізе білген. Шиеленісті сəтті қою қара түспен көрсетіп, адам мен жылқының өмір мен өлім арасындағы арпалысын сызықтарды орайластыра түсіру арқылы бейнелеген. Адам мен табиғат апатының қарсы келуін ақ пен қара түс арқылы жеткізген. Мынау жалғанда адамзат бүкіл жаратылыс пен құбы- лысты өзіне еш табындыра алмасы хақ. Шығарма құрылымында жоғарыдан жөңкіліп келе жатқан жойқын қар көшкінін, бірақ оның əлі де Аспанға жете қоймағанын көруге болады. Бұл дегеніңіз кейіпкердің əлі құтылуға мүмкіндігі, үміті бар екенін білдіреді. «Аспан бар күшін жинап, отырды. Ақ көрпеге оранған таулар жанжағынан қоршап, ақ сəлделі алып ағаштардың басы бейнебір жаназа оқуға жиналғандай төмен иілген. – Қош болыңңңң-даррррр! – деп Аспан дауысын соза айқайлады… Оны іздеп шыққандар дəл осы айқайы арқылы тапты». Суретшінің пластикалық-болмыстық шешім өткірлігі, кеңістікте кез келген түрді пайдалана алу мүмкіндігі, повестегі əр сөйлемнің астарын графика мен бейнелеу айшықтығы шығарманың шиеленісті сəтін тап басуға мүмкіндік берген. Бақы Урманченің баяндау түріндегі суреттері (иллюстрация) де бар. Мəселен, «Қар қызы» повесін алайық. Үш жылға созылған құрғақшылықтан кейін бозбала Нұржан қыста екі көмекшісімен бірге шөп əкелу үшін жолы қауіпті де қиын ұзақ сапарға аттанады. Жастар жол бойы сан түрлі қиындықтарға қарсы тұруға тура келеді. Əбден тоңған, ашқұрсақ үшеу бір кезде бөренеден қиып жасалған, төбесін бөріктей қоқайып қар басқан үйге кез болады. Жанында қыбырлаған тірі жан көрінбейді. Орманның ортасында жападан-жалғыз мүлгіп тұрған үйде тіршілік иесі бар екенін терезесінен жылтыраған əлсіз жарық қана білдіргендей. Осылайша суретші бізді қар патшалығына ертіп əкеліп, табиғаттың қатал мінезімен бетпе-бет кездестіреді. Суретте үш жігіт белуардан келетін қарды омбылап, бірінің соңынан бірі жанұшыра үйге ұмтылуда. Суретші көрерменді оқиға желісіне көркем жолмен еліктіре жетелейді. Тұмса ормандағы жалғыз тіршілік көзіне асыққан кейіпкерлерді ту сыртынан бейнелеуінің де астары бар. Жүздері көрінбейді. Əйтсе де, жанталаса алға жылжыған қимылдарынан-ақ олардың тезірек жылы жерге жетіп, адуын аяздың құрсауынан құтылуға асыққандарын жан дүниеңізбен сезінесіз. Сезінесіз де, олардың жылы жерге жетулеріне жəрдемдескіңіз келіп кетеді. Суретші сонымен бірге асқақ Алтайдың қысқы көрінісін де шынайы бейнелей білген. Омбы қарға жартылай көмілген ағаш үй. Ақ көрпеге тұмшалана оранған Алтай тауы қыс қаһарына қыңқ етпейтін қайсар сипатта. Алайда, Алтай бір қарағанда көзді арбап, сұлулығымен еліткендей болса да, сұсты, айбарлы, əрі тылсым көрінісі көңілді қобалжытпай қоймайды. Өйткені бұл мекеннің қожайыны қадым заманнан бері өр Алтай. Сондықтан да суретші бұл туындысында тəкаппар қожайынға ерекше мəн берген. Суретші қылқаламына сүйсіне арқау еткен тақырыптың бірі – əйелдер бейнесі. «Жетім бота» графикасында бойжеткен Ақботаның болмысын аса нəзік астар арқылы бейнелеген. Ата-анасынан ерте айырылған бойжеткен бар жүрек мейірін ботаға арнайды. «…Ақбота екі бүрмелі қазақ көйлегін, сыртынан нəзік белін қынаған камзол киген. Басында үкінің үлпілдек жүнді қауырсыны тағылған тақиясы, құлағында сырғасы, қолында күміс білезігі бар. Мойнына əдемі моншақ, шашына күміс тиындары сылдырлаған шолпы таққан». Суретші Ақботаның «Жетім бота» күйі ойналып жатқан сəттегі кезін бейнелеген. Күй сарыны пенделердің мынау пəнидегі өмір мен өлім арасындағы уақытша саяхаты туралы əңгімелегендей əсер береді. Сонымен бірге қайда барып бас ұрарын білмей, теңіз жағалаған жетім ботаның жалғызсыраған зарлы үні де еміс-еміс естілгендей болады. Аяулы ата-анасын зарыға күткен бойжеткеннің мұңы да сол зарлы үнмен үндесіп кеткендей. Мынау жалған дүниеде үміттері үзілген қос жетімнің өксігі... Міне, осынау қайғы мұнарлаған бас кейіпкердің сүйкімді жүзін, тағдырындағы тауқыметке қарамастан жан дүние нəзіктігі мен тазалығын тəрк етпеген бейкүнə жан дүниесін суретші қылқаламымен тым əсерлі жеткізген. Қара түсті көлеңке мен ақ-қара сызықтар арқылы қыздың көңіл күйін тап басқан. Графика арқылы киімнің, бас киімнің жəне музыкалық аспаптың өзгелер көңіл аудара бермейтін тұстарына дейін ерекше мəн берген. Енді «Қар қызы» повесіндегі Алмаштың бейнесі туралы аз-кем айтсақ. Суретші бас кейіпкерді көз тоймас ару, əппақ үлпершек бұлт бейнесінде елестетеді. Оның үстіндегі етегі жерге төгілген көйлегі бір сəт əппақ қарға айналып кеткендей əсер береді. Алдамшы түс пе? Шынайы өмір ме? Əлде арман шығар? «Мен шынында да Қар қызымын», – деді қыз Нұржанға. – «Бірде қарлы боран соғып тұрған түнде мен киімсіз, жалаңаяқ далаға қашып шықтым. Мені тауда осы үйдің иесі – ата тауып алды. Олардың балалары жоқ екен. Сөйтіп мені бауырларына басты. Менің осында жасырынып жүргенімді жылдар бойы ешкім білмеді. Анам ауруханада өмірден өткенін де осы жерде естідім... Қайғы мен күйзелістен құр сүлдерім қалғандай. Кейде көңілімді қайғы басқанда ақ көйлегімді киемін де, түн ішінде тауға қашып кетемін. Жападан-жалғыз қар кешіп, ұзақ жүремін, əн айтамын, жылаймын... Түнде жалғыз өзім тіземнен қар кешіп, тау ішін кезіп кеткен кезде көкірегімді кернеген ыстық біраз болса да суынып, сəл де болса сабыр шақырғандай боламын...». Оралхан Бөкей қасірет шеккен кейіпкер бейнесін осылай сомдайды. Ал Бақы Урманче осы сəтті шебер пайдаланып, суретте қыздың көңіл күйін сəтті жеткізе білген. Қар қызының сымбаты керім, аққу мойынды жəне екі жаққа созған қолдары құс қанаты іспетті. Жападан-жалғыз тұрған сұлу қыз... «Қар қызы, мынау аппақ əлемде саған не керек?». Сірə, жүрегің жаншылып «қарға көмілген жаныңды мұң басқанда алыстан өзіңді шақырған дауысты естіп, Нұржан сияқтылар «жан дүниеңді қуанышқа бөлеп, өмірге ынтызарлығыңды арттыру» үшін керек шығар...».
«Айпара ана» повесі жоңғарлардың қазақ жеріндегі жорығы кезіндегі қасіретті көз алдымызға əкеледі. Талай-талай тар жол, тайғақ кешуден өткен батыр қазақтың болмысын жазушы ер мінезді, ақиқатты ар етіп ұстаған, дана Айпара ана арқылы жеткізген. Оның ой-толғаныстары мен зары: соғыс неге болады, адамдар неге бір-бірін өлтіруге құмар, бейкүнə балаларды неге қыршынынан қияды, бауыр еті баласынан айырылып, қайран Ана неге қасірет шегеді? Суретші Айпара ананың дəл осы күйін бейнелеген. Жазушы қалай суреттесе, суретші қылқаламымен со- лай бедерлей алған. Алты қанат киіз үйде келісті келген, айбынды, ер мінезді, өмірінде көпті көрген батыр Айпара ана отыр. Тобықты руының үлкен-кішісі оны ақылдылығы, адамгершілігі, ке- шірімшілділігі үшін құрмет тұтты. Елдің тыныштығын, қайғы-қасірет шекпеуін, жоқшылықтың жоламауын, отағасы мен ұлдарының аман-есен оралуын бір Жаратқаннан жалбарынып тілеп отырғанын Айпара ананың көзінен көруге болады. «О, менің қасіретті халқым, менің көңілім сендер үшін алаң, сендердің жағдайларыңды ойласам, санам сан-саққа кетеді. Жоңғар шапқыншылығынан гөрі мені сендердің бірлігі жоқ тірліктерің алаңдатады. Тек бірлікте болсақ қана бақытымыз бен тыныштығымыз үшін бек күресе аламыз». Суретші графика арқылы киіз үй ішінде малдас құрып отырған, қолында таспиғы бар Ананы бейнелеген. Суреттің əр көрінісінен ұлттық қасиеттің ерекше нышандарын көруге болады.
Бақы Урманче Оралхан Бөкей шығармаларын оқып, жіті зерттеп, зерделегеннен кейін ғана қылқаламына жүгінген. Сондықтан да оның суреттері ойлы, терең. Кейіпкерлердің мінезі мен шығарма мазмұнын да дөп жеткізеді. Қорытындылай айтқанда, жан дүние мен көз көрегенділігін жəне дарын шеберлігін шамырқандыра отырып, ой-танымын қылқаламына жетекші еткен суретші Бөкейұлының шығармаларын суретпен шынайы сөйлете алған. Қазақтың ұлттық мінез-құлық ерекшеліктері мен қасиеттерін де қалт жібермеген. Еңбек адамының жан дүниесіне терең үңілген. Сондықтан да болар, қазақ халқы Бақы Урманчені ұлттық суретшіміз деп қабылдап, мақтан тұтады. Ел тарихы мен мəдениетін жəне қазақ прозасының құлагері Оралхан Бөкейдің алтын қазынасын көркем суретпен сөйлеткен дарынды қылқалам иесінің туындыларының құндылығы уақыт өткен сайын арта берері анық.
Лариса КАСТЮК, Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхананың маманы.
ӨСКЕМЕН
Ескерту:Бұл мақала «Егемен Қазақстан газетінің 27 қыркүйек күнгі санында жарияланған.