Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Ремдесивир», «Гидроксихлорохин», «Лопинавир/Ритонавир» және «Интерферон» сияқты дәрілік заттарды коронавирусты емдеу барысында қолданбау керектігін айтты.
Халықаралық ұйымның мәліметіне сүйенсек, аталған дәрілік заттар ауруханада ем алып жатқан науқастар арасында өлім-жітім көрсеткішін азайту мақсатында қолданылып келе жатқанымен ешқандай эффект бермейді екен.
Зерттеу жұмысы отыздан аса елде өткен. Мамандар жоғарыда аталған дәрілердің науқасқа әсер етуін, өлім-жітім көрсеткішін және емделіп шығу уақытын зерттеген.
Gilead Sciences американдық фармацевтикалық компаниясы өздері жасаған «Ремдесивир» дәрісі науқастардың емделіп шығу уақытын төрт күнге дейін азайтатынына сенімді екенін жеткізіп отыр.
АҚШ, Жапония, Корей Республикасы, Үндістан, Ұлыбритания және Ресей коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу барысында «Ремдесивир» препаратын пайдалануға рұқсат берген.