Мемлекет басшысы ана мен баланың денсаулығын қорғау керектігін баса айтты. Ана өлімі көрсеткіші өңірлерде бірнеше есеге көбейген.
"Үкімет медициналық көмектің өзге түрлерін де көрсетуді ұмытпауға тиіс. Ана мен бала денсаулығын қорғау – негізгі басымдықтың бірі. Өкінішке қарай, ана өлімі көрсеткіші барлық өңірде бірнеше есе көбейіп кетті", - деді Тоқаев.
Тоқаев ана өлімі көрсеткішінің статистикасын салыстырып, бұл мәселеге әкімдердің жауапты екенін айтты
"Былтырғы 8 айда – 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда – 131 әйел қайтыс болыпты. Мысалы, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш шамамен 13 есе, Қызылорда облысында 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе артты. Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл өте өзекті сұрақтар. Оларға әкімдер жауап беру керек", - деді мемлекет басшысы.