4 қазан күні Атырау-Ақтөбе тас жолында, шамамен Жамансор мен Мақат ауылдарының арасында жантүршігерлік көлік апаты болды. Renault Duster пен Geely көліктері соқтығысып, салдарынан 9 адам көз жұмған.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жария етті.
"4 қазан күні Атырау облысында қайғылы жол-көлік оқиғасы орын алды. Атырау-Ақтөбе бағытындағы тас жолда екі көлік соқтығысып, салдарынан екі көліктің жүргізушісі, жолаушылар – барлығы 9 адам түгелдей көз жұмды. Қазіргі уақытта қаза тапқандардың аты-жөндері анықталуда, оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр", - деді ведомство басшысы.
Осы орайда Тұрғымбаев жол-көлік оқиғаларының 96%-і жүргізушілердің кінәсінен орын алатынын атап өтті.
Министрдің сөзінше, патрульдік кезекшіліктер және бейнекамералар жоқ автожолдар мен тас жолдардарда жүргізушілер өрескел ереже бұзушылықтар жасайды: жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдыңғы көлікті басып озуға тырысады. Ал мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырып жатады, дейді ол.