Қазақстан Президентінің Алматыға жұмыс сапары І.Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың жаңа филиалына барудан басталды, - деп хабарлайды Bairaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи қондырғылармен жабдықталған, 500 адамдық стационарлық медициналық көмек көрсетуге арналған палаталарды қарап шықты.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту, медициналық ұйымдарды қажетті құралдармен жабдықтау, төсек-орындар қорын және инфрақұрылымын жаңарту, сондай-ақ дәрігерлердің жалақысын арттыру мәселелерін қозғап, медицина қызметкерлерімен жылы сөйлесті.
«Мақсат - медицина қызметкерлерінің жалақысын 2023 жылға қарай бүкіл экономикадағыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға басымдық беріледі. Біз бұл саланы уақытында қолға алмай, өкінішке орай, жіберіп алдық. Біз енді жіберілген қателіктерді түзетуіміз керек, әрине, медицина біздің ең басты назарымызда болады», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысына қаладағы медициналық-демографиялық ахуал және COVID-19-ға қарсы іс-шаралар, сондай-ақ жедел жәрдем қызметінің қызметі туралы хабардар етілді.
Қазір бүкіл әлемде жағдай қиын. Еуропа мен Америкада коронавирустың екінші толқыны жүруде. Мұндай жағдайда біз қырағылық танытуымыз керек, дайын болуымыз керек. Пандемияның бірінші толқынынан жақсы сабақ алынды. Бұл тәжірибе бізге пайдалы болады. Әрине, қиын болды, қателіктер жіберілді, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да. Біз бұл қателіктерді дер кезінде түзетуге мәжбүр болдық. Бірақ кез-келген тәжірибе, тіпті ең қиыны да пайдалы.Сондықтан, екінші толқынға дайын болайық. Содан кейін бүкіл әлеммен бірге, халықаралық қауымдастықпен бірге біз барлық қиындықтарды жеңуіміз керек, - деді Президент.