Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында ведомствоның қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты қолға алған жұмыстарына тоқталды.
Оның айтуынша, министрлік білім беру мекемелерінде қазақ тілін оқытуға қатысты ауқымды өзгерістер енгізіп жатыр.
"Атап айтқанда, енді балабақшаларда ағылшын тілі міндетті пән ретінде оқытылмайды. Бала жастайынан өз ана тілінде тәрбие алуы керек. Осы тұста, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында: "Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс" деген ұсынысы біздің жұмысымызда қолданылады", - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Бұдан бөлек, қазақ тілінің бағдарламасы да өзгертілмек. Алдағы уақытта грамматиканы оқытуға бөлінетін сағат саны артады.
"Оқушының дұрыс жазуы мен сөйлеуі үшін, ойын тиянақты және сауатты жеткізудегі грамматиканың орны ерекше. Бұл тұста біз тағы да Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне жүгінеміз. Өздеріңізге белгілі, "Әліппені" мемелеттік стандартқа енгіздік, оның бағдарламасы да дайындалды, оқулық дайындалып апробацияға кіріп, келер оқу жылынан бастап бірінші сыныптарға Ана тілімен бірге қайта енгіземіз", - дейді министр.