Қазақстанда тойханалар жаппай сатылу үстінде.
Құны миллиардтарға бағаланатын зәулім сарайлардың жарнамалары көп кездеседі.
Қазірдің өзінде арнайы сайтта 1300-ге жуық түрлі тамақтану орындары, мейрамхана, бизнес орталықтар мен тойханалар сатылып жатыр.
Сатылымға шыққан той өтетін орындардың бағасы қымбат. Ең арзаны 300-400 миллионнан басталып, миллиардтарға дейін барады .
Еске салайық, наурыз айының ортасынан тойханалар қаңырап қалды. Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, шарасыз қалған кәсіпкерлер "бизнестерін" жаппай сатылымға шығарып әлек.
Тойханалардың көбісі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан арнайы сайтқа қойылған.
Еліміздің үшінші мегаполисінде тойханалар бағасы оңтүстік астана мен елордаға қарағанда арзан.
10 жылдан бері жылжымайтын мүлік сатумен айналысатын Виталий Браиловский соңғы кездері тамақтанатын орындарды сатып жатқан кәсіпкерлердің күрт артқанын растап отыр.
"Біздің агенттік он жылдан бері нарықта жылжымайтын мүлік сатумен айналысады. Соңғы кездері түрлі дәмхана, мейрамханалардың иелерін көптеп хабарласып, бизнестерін сатылымға қойып жатыр. Өйткені, коронавирус пандемиясына байланысты олардың жұмыстары қиындап кеткен", - дейді ол.