Қытай соты есірткі контрабандасы бойынша айыпталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Адвокат Ақжарқын өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын айтты.
«2019 жылдың 27 желтоқсанында Гуанчжоу соты Ақжарқынға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімін жариялады. Қорғаушы тарап сот үкіміне қарсы шағым түсірді. Алайда апелляциялық саты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды», - деді адвокат.
Ол сондай-ақ Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстан колониясына жеткізуге болатындығын атап өтті. Ол үшін сотталған адамдарды ауыстыру туралы Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы келісім керек. Бұл үшін қыздың жазбаша келісімі қажет.
Айта кетейік, Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты жағдай мемлекет басшысы Тоқаевтың бақылауында.
Ақжарқынның оқиғасы 2014 жылы таныстарының айтқанына көне отырып, Алматыдан Қытайға кеткен кезден басталды. Олардың арасында Нигерия азаматтары да боған. Олар оған фирмалық киімді Гуанчжоудан Малайзияға тасымалдау үшін ақша төлеуге уәде берді. Гуанчжоудан шыққан кезде Ақжарқын ұсталды. Оның сөмкесінен есірткі табылған.