Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазан айына дейін 13 модульдік инфекциялық аурухана салынады деп мәлімдеді.
"Қазан айына дейін Қазақстанда 13 модульдік инфекциялық аурухана салу жоспарлануда. Коронавирустық пандемия аяқталған жоқ. Біз қазан айындағы тұмау маусымымен бірге күтілетін жаңа толқынға дайын болуымыз керек", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Цойдың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жасап жатыр.
"Осы жылдың маусым-шілдесінде коронавирустық инфекцияның таралуының өте ауыр тәжірибесі, медициналық ұйымдардың пациенттердің көптігіне төтеп бере алмауы барлығымыздың есімізде. Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін және коронавирустың мүмкін болатын толқынына дайын болу үшін Ведомствоаралық комиссия Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында салынған ауруханаларға ұқсас, 2,7 мың төсек-орындық 13 жаңа инфекциялық аурухананы салуға шешім қабылдады", - деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Олар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облысында және Алматы қаласында салынады. Облыстық әкімдіктер жер учаскелерін мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес мердігерлерді таңдау рәсімдерін жүргізуде.
"Еліміздің дәріханаларына 10 миллионнан астам дәрі-дәрмек жеткізілді, бірыңғай дистрибьютор республиканың медициналық ұйымдарын ай сайын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етті. 30 қыркүйекке дейін 24 миллиард теңге көлемінде қосымша екі айлық жеткізілім жасайды. СК-Фармация базасында Республикалық тұрақтандыру қоры, сондай-ақ 11 аймақтық тұрақтандыру қоры құрылды", - деді Алексей Цой.