Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қазақстандықтар балық өнімдерін өте аз мөлшерде тұтынатынын айтты. Еске сала кетейік, бүгінгі Үкімет отырысындағы күн тәртібінде тұрған екі мәселе бар, олар: жұмыспен қамту және балық өндірісінің дамуы.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір жыл ішінде адам басы 16 келіден балық өнімін тұтынуды қалыпты жағдай деп бекіткен. Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 келінің о жақ, бұ жағы. Ал көрші Ресей мен Қытайды бұл көрсеткіш 20-40 келіні шамалайды», - деді ол.
Министрдің мәліметіне сүйенсек, қазір елімізде балық шаруашылығымен мыңнан астам нысан айналысады. Өндіріс 11 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. 2019 жылы жалпы көлемі 45 мың тонна балық ауланған. Балық шаруашылығы Атырау, Алматы, ШҚО және Қызылорда облыстарында жақсы дамыған.