Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 31 адам қайтыс болған.
Коронавирус инфекциясынан – 21 (пандемия басталғалы – 1356), ал пневмониядан – 10 (1-тамыздан бері – 198) адам қаза тауыпты.
Өткен тәулікте 934 адамнан коронавируси белгілері бар пневмония, 476 адамнан коронавирус анықталған. 1-тамыздан бері 16 666 адамның пневмония, пандемия басталғалы 101 848 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған.
Айта кетейік, елімізде 17-тамыздан бастап карантин шараларының талабы жеңілдейді. Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы қателіктерді қайталамау керектігін алға тартып отыр.
«Біз адам көп шоғырланатын мерекелік шараларға, еске алу шараларына әзір рұқсат бере алмаймыз. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау маңызды. Өйткені жоғарыда аталған шаралар кезінде бір адам бірнеше адамға инфекция жұқтыруы ықтимал. Біз алғашқы карантиндегі қателіктерді қайталамауымыз керек», - деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.