Алматыда әкім Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен кеңес өтіп, онда қоғамдық көлікті дамыту және жол- көлік инфрақұрылымы мәселелері қаралды деп хабарлайды bairaq.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басты мәселелердің бірі жылжымалы составтың автобус паркін жаңарту болып табылады.Қала тұрғындары жолаушылар көлігіне жұмыс күндері 1 ,2 млн-нан астам рет (демалыс күндері 800 мың) отырады екен.Бірінші жартыжылдықта 180 млн астам жолаушы тасымалы атқарылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20% -ға көп.
Халыққа қызмет көрсету үшін күн сайын жол желісіне қоғамдық көліктің 1622 бірлігі шығады. Автобус паркі 80%-ға жаңарған.Биылғы жылы автобус паркін толықтай жаңарту жоспарланған.
Қала әкімі еңбек нарығының сұранысын ескере отырып автопарктер үшін кадрлар даярлау жұмысын жүйелі және тұрақты жүргізуге айрықша назар аударды. Колледждер базалары негізінде жүргізушілер, слесарлар, механиктер дайындау қажет. Басты мақсат – сервис деңгейін көтеру.
Кеңесте қала сыртына қатынайтын жолаушылар тасымалын дамыту, троллейбус желілерін модернизациялау да кеңінен сөз болды. Жыл аяғына дейін Тимирязев көшесі бойында ұзындығы 5,1 км болатын сым желісі ауыстырылады. Троллейбусқа қатысты барлық сым желілері мен трансформаторлы қосалқы стансалар жөнделеді, троллейбус паркі жаңарады.
Жиын барысында жол мен жолайрықтарын, бағдаршамдар нысандарын салудың барысы қаралды.
«Бұл шаралардың басты мақсаты – қалалықтарға сапалы көлік қызметін көрсету және жолаушы тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету,» -деп атап өтті Б. Сағынтаев.